03 ақп, 2021 сағат 11:21

Тұрғындар қандай қылмыс бойынша жиі арызданады

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов «102» мобильді қосымшасының қалай жұмыс істейтінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

1 ақпанда ҚР ІІМ бүгін жаңа сервис – «102» мобильді қосымшасын іске қосқан еді. Қосымшаны Android жүйесіндегі смартфондарға арналған Play Market-тен және IOS жүйесіндегі смартфондарға арналған App Store-дан жүктеуге болады.

«Бұл қосымша – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасымен жасалған үлкен жоба. Бұған дейін азаматтар тек қана 102 нөміріне қоңырау шалатын, ал қазір көпканалды жүйе арқылы, яғни әлеуметтік желілер, министрлік сайты, Телеграм-бот және «102» мобильді қосымшасы арқылы хабарласатын мүмкіндік бар», - деді Сәкен Сәрсенов Нұр-Сұлтан қаласының жедел басқару орталығында өткен таныстырылымда. 

Мобильді қосымшаның тағы бір ерекшелігі – шағымданушының аты-жөні, мекен-жайы, орналасқан жері автоматты түрде қолжетімді болады. 

«Бұрын 102-ге қоңырау шалғанда полицейлер шағымданушының аты-жөнін, мекенжайын сұрайтын, оған уақыт кететін. Ал қазір мобильді қосымшада аудио-видеоқоңырау жасағанда қай жерден хабарласқаныңызды автоматты түрде көреді және оқиға орнына жедел түрде жақын маңдағы полиция жасағын жібереді. Мұндағы қоңыраулар сол өңірдегі оперативті орталыққа бірден түсіп отырады», - деп түсіндірді министрлік өкілі. 

1 ақпаннан бері мобильді қосымшаны 5 мың азамат орнатқан, 2283 қоңырау шалынған, оның ішінде 1200-і тестік түрде, қалғандары – полицияға көмек сұрап жүгінгендер. 

«123 хабаралма келіп түсті, соның ішінде балалар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық және көлік апаттары туралы хабарламалар жиі кездесті. Ең белсенді өңірлер – Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары және Павлодар облысы. Қосымшаны қазақстандық мамандар әзірлеген, ақпараттық қауіпсіздік және дербес деректердің сақталуы мәселелерін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп шештік», - дейді Сәкен Сәрсенов.