2019 жылы Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің депозит салымшылары 771,2 млрд теңге жинады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Салымшылар тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы қаражат жинақтай отырып, болашақ баспанасын сатып алу үшін несиені жылдық 8,5% мөлшерлемесімен ала алады. Биыл тиімді шарттар бойынша тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндігін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 48414 клиенті пайдаланды. Өткен жылы несие алғандардың саны 10 мыңға аз болған.
«Биыл 392 мың депозит аштық және оны жыл соңына дейін 400 мыңға жеткіземіз деп отырмыз. Салымшылардың саны бір жарым миллионға жетті, бұл рекордттық көрсеткіш», - деді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, ол «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша тұрмысы төмен 4053 қазақстандық отбасы қоныс тойын тойлап, пәтерлерінде тұрып жатқандығын атап өтті. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 8 мың несие берілді. Бағдарлама бойынша әскери қызметшілерге 3 811 несие берілді.
2019 жылдың соңында банктің несие портфелі 1 трлн теңгені құрады.