Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлы Дала елi: Тәуелсiздiктiң 25 негiзi» атты 25 жұлдызды күн шарасының бір күні «Азаматтық қоғам» тақырыбына арналып отыр. Мұның өзіндік себебі бар. Өйткені, азаматтық қоғамды қалыптастыру, дамыту бағытындағы жұмыстар Тәуелсіздік жылдарында қолға алынған ауқымды шаралардың бірі ретінде сипатталады.
Жалпы, демократия шарттарын басшылыққа алған, оны негізгі ұстыны еткен кез келген мемлекеттің саяси-әлеуметтік өмірінде азаматтық қоғам үлкен маңызға ие. Оның қызметі қоғамды ортақ мүддеге жұмылдыру, ұйыстыру деңгейімен өлшенеді.
Қазіргі таңда азаматтық қоғам туралы түрлі көзқарастар, түрлі түсініктер бар. Дегенмен, азаматтық қоғам мемлекет пен азаматтар арасындағы сұхбатты жүзеге асырады, өкімет, билік құрылымдарынан тысқары жатқан әлеуметтік байланыстарды нығайтады деген түсінік берік қалыптасқан. Осы арада біз азаматтық қoғaмның дамуына арналған түрлi әлеуметтiк топтардың немесе жеке азаматтардың бастамалары мемлекет арқылы жүзеге асатынын ескеруіміз керек.
Қазақстанның қарқынды дамуы азаматтық қоғамның әлеуетіне, азаматтардың белсенділігіне тікелей байланысты. Қазақстанның әлеуметтік саладағы мемлекеттік саясаты халықаралық тәжірибелерге сүйеніп жүргізілуде. Сондай-ақ, біздің еліміз түрлі салалар бойынша көптеген мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен әріптестік орнатып, өзара ынтымақтастықты жолға қойған. Мұның барлығы еліміздегі әлеуметтік салаға, азаматтық қоғамның қызметіне оң әсерін тигізуде.
Қазіргі таңда елімізде «Қазақстан-2050» Стратегиясы және «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында азаматтық қоғамды дамыту жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Осы арада тоқтала кетер жайт, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2000 жылғы «Еркін, тиімді және қауіпсіз қоғамға қадам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында үкіметтік емес ұйымдарды кешенді түрде қолдау қажеттігіне баса назар аударылды. Осының арқасында елімізде азаматтық қоғамды нығайту, қоғамдық институттарды дамыту ісінде ілгерілеушілік болды. Бұл өз кезегінде қоғамымыздағы түрлі салалардың бір-бірімен лайықты үнқатысуына мүмкіндік берді. Нақтылай айтқанда, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдар, кәсіпкерлер еліміздегі экономикалық, әлеуметтік мәселелерді, коммерциялық емес жобаларды бірлесе талқылап, түрлі жағдаяттарға қоғам назарын аудара білді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының азаматтық қоғамды дамыту, қоғамдық институттардың жұмысын жандандыру бағытындағы жұмысын ерекше бөліп айтуға болады. Елбасы бекіткен, әлеуметтік, қайырымдылық, мәдени, білім беру және басқа да қоғамдық-саяси мақсаттарда құрылған коммерциялық емес ұйым болып табылатын бұл құрылым Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік бағытталған мемлекет ретінде қалыптасуына зор үлес қосуда. Нақтылай айтқанда, қазақстандық патриотизмді насихаттау, қоғамдағы рухани бастамаларды қолдау, мәдениетті, білім мен ғылымды дамыту, ел бірлігін қамтамасыз ету, экономика, мәдениет, ғылым, ағарту және денсаулық сақтау салаларының дамуына үлес қосу секілді ізгілікті істерді жүзеге асыруға белсене қатысып жүрген Қордың жұмысы көңіл марқайтады. Әсіресе, Қордың жас ғалымдарды қолдау, студенттер мен ғылыми ұжымдарды ынталандыру бағытындағы қызметі ерекше. Сонымен қатар, қайырымдылық шараларды ұйымдастыру, әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру мәселесіне де аталған құрылым баса назар аударып келеді.
Әр жыл сайын Қор ел азаматтарының өз армандары мен идеяларын жүзеге асыруға көмектесудің жарқын үлгісін көрсетіп жүр. Елбасы қорының аясында ұйымдастырылған түрлі байқаулар, мәдени-танымдық шаралар көптеген жастардың жолын ашып, өмірден өз орнын табуға жәрдемдесуде. Осы байқауларда тек жеңімпаздар мен жүлдегерлерді ғана марапаттап, оларға арнайы гранттар бөліп қана қоймай, барлық қатысушыларды ынталандырып отыратынын айтпай кетуге болмас.
Қордың дәстүрлі түрде жариялап келе жатқан әлеуметтік идеялар мен жобалар байқауларының басты ерекшеліктері тұрғысында айтар болсақ, бұл шараға елімізде тіркелген барлық үкіметтік емес ұйымдар мен олардың өкілдері қатыса алады. Бұл алаңда азаматтар жаңа әріптестер тауып, өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, толғандырып жүрген ойларын ортаға сала алады. Сонымен қатар, конкурс аясында үкіметтік емес ұйымдар ұсынған әлеуметтік жобаларды қаржылындыру мүмкіндігі қарастырылған. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құрамында Мәжіліс депутаттары, ғалымдар, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері бар тәуелсіз комиссия әділетті түрде анықтайды.
Қор өз қызметін бастағалы бергі аралықта Әлеуметтік идеялар мен жобалар байқауы шеңберінде 200-ден астам қоғамдық бірлестікке қаржылай қолдау көрсеткен. Мұны біз елімізде азаматтық қоғамды қолдаудың бір көрінісі деп айта аламыз.
Азаматтардың белсенділігін арттыру жұмысын өзінің басты міндеті санайтын бұл байқауға «Қайырымдылық ұйымдар қауымдастығы», «Дағдарыстар орталығы одағы» секілді ірі қоғамдық бірлестіктердің де қатысуына мүмкіндік берілген. Олардың ұсынған жобаларына да тиісті қаржылай қолдау көрсетілуде.
Байқау барысында тек республикалық және аймақтық қоғамдық бірлестіктердің ғана емес, аудан, ауыл деңгейіндегі ұйымдардың да белсенділігі байқалуда. Мәселен, 2013 жылы Ақмола облысы, Арнасай ауылының азаматы әлеуметтік идеялар мен жобалар байқауының жеңімпазы болып танылды. Жобаны жүзеге асырудың арқасында жерасты
жылыжайы салынды. Бүгінде ол жыл бойы ауыл мектебі мен балабақшасын көкөніспен қамтамасыз етіп отыр.
Ерекше айта кетер жайт, қазақстандық жекелеген азаматтардан, ауыл мектептері оқушыларынан, шағын қалалардағы бірлестіктерден тамаша жобалар ұсынылып келеді. Атап айтар болсақ, былтыр біз Алматы облысы Үшарал қаласы «Алакөл Қамқор» қоғамдық бірлестігіне қолдау көрсеттік. Бұл көмектің арқасында қалада жастарды жұмысшы мамандықтарға оқытатын орталық қызмет көрсете бастады. Мұнда жастар тек мамандық игеріп қана қоймай, бизнес-жоспар жасауды үйренеді, жастарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалармен және басқа да игіліктермен танысады.
Негізінде байқауда аса қажетті, жаңашыл, әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешетін, озық технологиялар мен тың тәсілдерді ұсынатын жобаларға мән-маңыз беріледі. Дәлірегі, өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететін, қоғамға серпін беретін, талайлардың үмітін оятып, жігерін жанитын жобалар назардан тыс қалмайды. Мәселен, 2013 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының қаржылай қолдауымен көздері нашар көретін балаларға арналған «Жанасу бейнесі» (Образ на ощупь) атты мүсіншілер көрмесі ұйымдастырылды. Бұл интерактивті жоба қоғамымыздан қызу қолдау тапты. Балалардың жасаған мүсіндері Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайына қойылды.
Сонымен қатар, біз екі жыл қатарынан Павлодар қаласындағы «Дәрігерлер нашақорлыққа қарсы» коммерциялық емес ұйымының жобасына қолдау білдірдік. Осы жоба шеңберінде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде нашақорлыққа салынған азамат тез арада райынан қайтып, жаман әдетін тастап, қалыпты өмір сүруге бет бұрды.
Осындай жобалардың авторлары өз еңбектерінің жемісін көргенде ерекше жігерленіп, бір жобамен ғана шектеліп қалмай, қоғамымызға пайдасы тиетін игі идеяларын ұсынатынын жиі көріп жүрміз. Бұл шын мәнінде азаматтардың қоғам өміріне белсене араласуын қамтамасыз ететіні сөзсіз.
Қазақстан Тәуелсіздіктің 25 жылында көптеген толайым табыстарға жетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізген салиқалы саясаты санамызды өсіріп, өрісімізді кеңейтіп, абыройымызды асырғаны анық. Ең бастысы, біз Тәуелсіздік жылдарында басты құндылықтарымызды анықтап алдық. Бұл өз кезегінде мақсатымыздың айқындығын, алда тұрған міндеттердің нақтылығын аңғартса керек. Осы мақсат-міндеттердің барлығы қоғамымыздағы келісім мен татулықты нығайтуға бағытталғанын ескерер болсақ, онда біз қоғамдық институттардың жұмысын жүйелі әрі сауатты түрде ұйымдастыруға назар аударғанымыз жөн. Өйткені, бұл саланың қызметі, әрекет ету деңгейі еліміздің дамуына тікелей әсер етеді. Нақтылай айтқанда, азаматтық қоғам мен мемлекеттің өзара ынтымақтастығы, ортақ мүддеге түсіністікпен бірлесе ұмтылуы – кемел келешектің кепілі
Алтынай КӨБЕЕВА,
Алматы қаласы «Ақпараттық-ресурстық орталық» қоғамдық қорының директоры