Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов
Тұңғыш Президент - Елбасы туралы заң жыл соңына дейін жойылады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Қазіргі уақытта тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін "Тұңғыш Президент - Елбасы туралы" заңның заңды күшін жою мәселесі жалпы отырыста дауысқа салынады", - деді Саиров.
Бұған дейін Әділет министрі Қанат Мусин бұл заңның референдумнан кейін тоқтатылатыны туралы айтқан болатын.
"Конституциядан Тұңғыш Президент туралы жеке заң болуы керек деген норма алынып тасталғандықтан, бұл заңды тиісінше алып тастау керек. Бұл кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы аясында болады", - деді министр.
Оның айтуынша, Қылмыстық кодексте Президенттің абыройы мен қадiр-қасиетiне қол сұғушылық үшiн жауапкершiлiктi көздейтiн жалпы бап қана болады. Ол барлық президенттерге ортақ.