Фото: © Sputnik / Болат Шайхинов
Вице-премьер – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Мәжіліс кулуарында Тұңғыш Президент канцеляриясы жақын арада жұмысын тоқтататынын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Министрдің сөзінше, қызметкерлердің бір бөлігі өзге ұйымдарға ауысады.
"Ол қазір қайта құрылымдау кезеңінде. Соның аясында кейбір адамдар өзге жұмысқа ауысады, ал кейбірі қысқартылады. Оның бәрі Еңбек кодексінің аясында жүзеге асады. Бұл канцелярияға ғана емес, кез келген қызметкерге қатысты. Алдын ала хабарлама берілуі керек, яғни ол жерде жұмыс орны жабылатыны туралы хабарлануы қажет.
Бір жарым айдың ішінде бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын", - деді Жамаубаев.
Министрдің айтуына қарағанда, қайта құрылымдаудан шамамен жылына 2-3 миллиард теңге үнемделмек.
"Ал оның қайда жұмсалатыны бюджетті реттеу кезінде анықталады", - деді ол.
БАҚ өкілдері "Назарбаевтың кеңсесін жапса, экс-президент қайда жұмыс істейді?" деп те сұрады.
"Мұны оның айналасындағы адамдардан сұраңыздар. Мен қайдан білейін. Олардан сұраңыз, басқа кеңселері бар шығар", - деді вице-премьер.