15 сәу, 2019 сағат 10:34

Түлектердің кешін мектепте өткізу керек - Күләш Шәмшидинова

ҚР Білім және ғылым министрі мектеппен қоштасу кештерін өткізуге қатысты пікір білдірді, деп xабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Негізі, бұл мәселе жыл сайын көтеріліп тұрады. Бірақ бұрыннан бері келе жатқан жақсы бір дәстүр бар. Ол - түлектердің кешін мектепте өткізу. Ондайда мұғалім мен оқушы арасында салиқалы әңгімелер айтылады, түлектердің өзара қарым-қатынасы да басқаша жүреді. Өкінішке қарай, соңғы кездері кім және қайда өткізеді, кәдімгідей бәсеке болып кетті. Меніңше, түлектердің кеші бұрынғыдай өтуі керек. Біздің ата-аналарымыз солай өткізді. Біз де мектепте өткіздік. Сонда нағыз мектеппен қоштасу кеші болады", - деді К.Шәмшидинова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында.

Министрдің айтуынша, кез келген шарада мектеп те, ата-аналар да балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударуы қажет.

"Сол себепті біз ондай кештер тек мектептің территориясында ғана өтуі керек деп санаймын. Артық ақша шашудың да қажеті жоқ. Аста-төк отырыс жасамау керек. Қымбат көйлек алудың да қажеті шамалы. Түлектер кеші ол үшін жасалмайды. Өзара бәсеке үшін жасалмайды. Мектеппен қоштасу кеші жанға жайлы кездесу болып өтуі керек. Балалар, ата-аналар мен мұғалімдердің салиқалы бір отырысы болуы қажет", - деп атап көрсетті К.Шәмшидинова.

Сондай-ақ ол қайта даярлау курстарының пайдасы туралы айтты.

«Бәріміз жақсы білеміз, жалпы мектептегі білімнің сапасы мұғалімге байланысты. Сол себепті ең бірінші мұғалімдердің кәсіптік деңгейін көтеруге бағытталған жұмыстар жүргізілетін болады. Алдағы үш жылдың ішінде 144 мың мұғалім қайта даярлау курстарынан өтеді. 82 мың сынып жетекшілері мен псиxолгтар да өтетін болады. Бүгінде ұстазға да, ата-анаға да, балаға да псиxологтың көмегі өте қажет. Сондықтан биылдан бастап біз псиxологтар мен клас жетекшілерін қайта даярлау курстарынан өткіземіз. Себебі мектеп пен ата-ананың арасындағы ең бірінші дәнекер, ең бірінші байланыстырушы ол - клас жетекшісі», - деді К.Шәмшидинова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында. 

Министрдің айтуынша, қайта даярлау курстарынан колледж қызметкерлері де өтеді. Олардың саны 15 мыңнан асады. Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарының 2,5 мың оқытушысы кәсіби біліктілігін көтеретін болады.

«Жалпы, біз ұстаздарға әдістемелік көмек те көрсетуіміз керек. Осыған байланысты әдістемелік кешен - www.smk.edu.kz жұмыс істеп тұр. Онда 100 мыңнан астам материал бар. Жаңа оқу жылының қарсаңында қазақ пен орыс тіліне қосымша ағылшын тіліндегі бөлімі де ашылатын болады», - деп атап көрсетті К.Шәмшидинова.