Мемлекеттік тілді білмейтін азаматтарды ауылға жіберу керек. Олар бірлігі жарасқан елді мекеннен тәжірибе алмасып, әрі сондағы ата-апаларымыздан қазақ тілінде сөйлеуді үйреніп қайтар еді. Мұндай пікірді Алматы облысының Қапал ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Владимир Чепель айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ауылды жерде қазақ тілін бәрі біледі және тіл деңгейіне байланысты ешқандай мәселе жоқ. Ал қалаға келсең, мұнда мәселе бар екенін көресің. Қалада жастар қазақша сөйлеспейді. Мемлекеттік тілді білмейтін азаматтарды ауылға жіберу керек. Тәжірибе алмасып, әрі сондағы ата-апаларымыздан қазақша сөйлеуді үйреніп қайтар еді. Бұл мәселені біз этно-ауыл форматында пысықтай аламыз. Яғни, туризмнің осы форматының саласы арқылы мемлекеттік тілді оқыту мүмкіндігі бар. Қазір ҚХА жанынан мемлекеттік тілді оқыту бойынша көптеген тегін орталықтар ашылды. Азаматтарға ең бастысы сөйлей бастауға ұялуды тоқтату керек»,– дейді Владимир Чепель.
Сонымен қатар, ол Елбасының төрағалығымен өткен кеңесте көтерілген мәселелерге тоқталды.
«Кеңес отырысында мемлекеттік тілді оқыту, азаматтардың Қазақстан Республикасынан басқа мемлекеттерге қоныс аудару мәселесі қозғалды. Менің ойымша, Қазақстанда тұратын әрбір азамат мемлекеттік тілді білуге міндетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық келісімді сақтап, татулығымызды арттыруда мемлекеттік тілдің рөліне айрықша мән беру қажеттігін айтқан болатын. Осы тұста этносаралық бірлікті сақтауда мемлекеттік тілді білу үлкен рөл атқарады деп ойлаймын»,– дейді ол.
Қазақ тілін жетік меңгерген мемлекеттік қызметкер жұмыста тек қазақ тілінде сөйлейтінін айтты.
«Мен – мемлекеттік қызметшімін. Алтын бесігіміз ауылда тұрғандықтан, әртүрлі сұрақтармен келген қандастарымыздың мәселесін ешбір қиындықсыз түсініп, бірден көмектесуге тырысамын. Қазақ тілін білгендіктен, ашық-жарқын әңгімелесіп, еркін пікір алмасамыз. Кіндік қаным тамған туған жерімнің әр төбесін, елдің салт-дәстүрін, тарихын жақсы білемін. Кейбір тиіскісі келіп тұратын бұзықтау жігіттерге «Бауырым, тыныштық па?»,– деп жауап берсем, олар бірден өз райларынан қайтып қалады»,– дейді Владимир.
Владимир Чепель қазақстандықтарды татулықты бағалауға шақырды.
«Кеңесте мен өзім үшін жаңа нәрсе таптым. Біздің азаматтар үшін ертеңгі күнге деген сенім. Біз қалыптасудың үлкен жолынан өттік. Алда жаңа мақсаттар мен міндеттер тұр. Осы сәтті пайдаланып, барлық замандастарымды, бүкіл Отандастарымызды татулығымызды бағалауға және бірігіп жұмыс атқаруға шақырамын»,– деп қортындылады мемлекеттік қызметкер.