05 ақп, 2020 сағат 12:49

«Туған жер» бағдарламасын қаржыландыру көлемі 40 пайызға азайып кеткен

ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аймақтық ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Сауранбаев «Туған жер» жобасына жүргізілген талдау жұмыстарының қорытындысын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Туған жер» жобасы аясында 2019 жылы 14 мыңнан астам іс-шара өткізілді. 4 миллионнан астам адам қамтылды. 2019 жылы меценаттар есебінен 1 мыңнан аса әлеуметтік маңызы бар нысан салынды, 700-ден астам нысан күрделі жөндеуден өткізіліп, ауылдар мен қалаларды дамытуға бағытталған жобалар іске асырылды. Қаржыландыру көлемі 60 млрд теңгеден асты», - деді ол Ақордада өткен жиында.

Нұрлан Сауранбаев өз сөзін нақты мысалдармен атап өтті. Оның айтуынша, Ақмола облысында меценаттар балаларға арналған алаңдар салып, музейлерді жөндеп, көпбалалы және табысы аз отбасыларға көмек көрсеткен. Ал Қостанай облысында меценаттар жастардың, оның ішінде ауыл жастарының бәсекеге қабілеттігін арттыруға үлес қосып, 2019 жылдың қыркүйегінде мектепке 13,5 млн теңгеге компьютерлік техника сатып алып берген. Сол секілді БҚО-да «Болашаққа жолдама» жобасы іске асырылуда. Оның шеңберінде өңір кәсіпкерлері дарынды жастардың білім алуына көмек көрсетеді.

Десе де, бөлім меңгерушісі «Туған жер» бағдарламасы бойынша проблемалардың барын да жасырған жоқ.

«Атап айтқанда, 2018 жылға қарағанда жоба бойынша қаржыландыру деңгейі 40 пайызға азайып қалды. Оның бір себебі – өңірлерде жобаларды тіркеу есебі сапалы түрде жүргізіле бастады. Сонымен қатар өңірлерде меценаттардың қаржы бөлу бойынша 2019 жылғы көрсеткіштерін салыстыратын болсақ, ең көбі - Маңғыстау облысында (14 млрд теңге). Сол секілді Атырау өңірінде меценаттар 7 млрд теңге қаражат бөлген. Қаржыландырудың мұндай көлемі бірқатар өңірдің бизнестің өз қажеттілігі үшін салынған нысандарын, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша шетелдік компаниялар салған немесе МЖӘ аясында бой көтерген нысандардың тізімге кіргізілуімен түсіндіріледі», - деді ол.

Нұрлан Сауранбаев Маңғыстау облысында Достық үйінің салынғанын үлгі етті.

«Мұндай мысалдар басқа аймақтарда да кездеседі. Ұсынылған мәліметтерді талдау жұмыстары көрсеткендей, аймақтарда бұл бағыттағы жұмыстардың жоғары диспропорциясы байқалады. Мәселен, СҚО бұл бағытта 510 мың адамның жұмылдырылуымен 1155 шараның өткені жайлы есеп береді. Ал онда халықтың саны 549 мың адам ғана. Ал Павлодар облысында 100 мың адамның қамтылуымен 372 шара ұйымдастырылған. Жалпы, «Туған жер» жобасы бойынша шаралар легі 100-ден (Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысы) 2 мыңға дейінгі (Ақмола, Қостанай, Түркістан облыстары) аралықта ұйымдастырылған», - деді ол.

Еске сала кетсек, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалымен Ақордада бүгін ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы өтті.