Қызылорда қаласының 54 жастағы тұрғыны туған інісін пышақтап өлтіргені үшін тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Оқиға биылғы жылдың 30 наурызында болған. Сол күні қала тұрғыны алкогольді мас күйде өз пәтерінде туған інісімен сөзге келіп қалады. Ағасы одан ішімдік тауып беруін сұрайды.
Өзара кикілжің кезіде 54 жастағы ағасы пәтерде болған танысының көзінше орындықта отырған інісінің сол жақ мойын тұсына пышақ сұққан. Ауыр дене жарақатынан інісі оқиға орнында көз жұмды.
«Сотталғанның жасаған кінәсі іс бойынша жинақталды. Ол сот мәжілісінде жан-жақты, толық, объективті бағаланды. Оның қылмысы заттай дәлелдермен, сараптама қорытындысымен дәлелденді. Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен 54 жастағы қала тұрғыны Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасына сотталды», - деді Қызылорда облысы прокурорының аға көмекшісі, әділет кеңесшісі Сая Темірбекова.