Facebook компаниясының басшысы Марк Цукерберг Вашингтондағы Джорджтаун университетінде сөз сөйлеп, Facebook саяси жарнаманы тоқтатпайтынын айтты, деп жазады ВВС.
Бұған дейін Цукерберг жалған саяси мәлімдемелердің жарнамасына қатысты сынға ұшыраған еді.
Өз сөзінде, Марк Цукерберг саясаткерлер мен демократия жаңалықтарын ценузарға ұшырату дұрыс емес деп ойлайтынын айтты.
«Фейсбук платформасындағы барлық саяси жарнамаға тыйым салу мүмкіндігі жанжақты зерттелді. Бірақ халық саясаткерлердің сөздерін оның рас-өтірігіне қарамастан білуі керек. Біз саяси жарнамаға тыйым сала алмаймыз», - деді ол.
Өткен аптада желіде Марк Цукерберг Дональд Трамптың президенттік сайлауға екінші рет түсуін қолдайтыны туралы жазбаның жарнамасы кең тарап кеткен болатын. Сол себепті халық Цукербергтен жалған мәліметі бар саяси жарнамаларға тыйым салуды сұраған еді.