12 қаң, 2018 сағат 09:35

Цукерберг Facebook әлеуметтік желісінде өзгерістер болатынын айтты

Facebook әлеуметтік желісіндегі таспада қолданушылардың достары мен туыстарының жаңалықтары жиі шығып, компаниялар мен БАҚ-тың хабарламалары сирек көрінетін болады. Бұл туралы әлеуметтік желінің жасаушысы Марк Цукерберг мәлім етті, деп хабарлайды ТАСС.

«Алғашқы өзгерістер жаңалықтар таспасына қатысты болмақ. Сіздер (қолданушылар) ол жерден достарыңыз, отбасыңыз және топтар туралы ақпаратты жиі көретін боласыздар. Себебі, біз осы жоспарды бірінші орынға қоймақпыз. Ал, компаниялардың, брендтер мен БАҚ-тың жариялаған материалдары таспадан сирек көрінеді», - деп жазды Цукерберг өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, бұл жаңашылдықты енгізуге бірнеше ай қажет болады.

Facebook-ті 2004 жылдың 4 ақпанында Цукерберг пен оның үш курстасы Гарвард университетінде оқып жүріп ашқан болатын. Оның аудиториясы әлем бойынша 2 млрд қолданушыдан астам. Бұдан бұрын Цукерберг 2030 жылға дейін әлеуметтік желінің қолданушыларын 5 млрд-қа жеткізетінін мәлімдеген еді.