11 там, 2021 сағат 10:30

Цой: Науқастардың 99,9 пайызы– вакцина алмағандар


Коронавирусқа шалдыққандардың 99,9 пайызы вакцина алмағандар. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

«Бүгінде 5,9 млн адам 1 компонентпен егілді. Бұл екпе алуға тиісті халықтың 59 пайызын құрайды. 2 компонентті екпе алуға қажетті халықтың 45,2 пайызы шамамен 4,5 млн адам алды. Вакцинацияның 1-дозасымен ең төменгі қамту проценті Маңғыстау облысында байқалады. Өңірлер вакцинаның жеткілікті көлемімен қамтамасыз етілген. Вакцинаны жеткізу кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Вакцинацияның тиімділігін бағалау барысында аурудың 99,9 пайызы вакцина алмағандарға тиесілі екендігі анықталды. Бұл ретте вакцинациядан кейін ауырғандардың үлесі не бәрі 0,1 пайызды құрайды», - деді Алексей Цой. 

Министрдің дерегінше, екпе алмағандар арасында COVID-19-дан өлім-жітім үлесі 97,7 пайызды құраған. Ал вакцинация алғандар арасында қайтыс болғандар 2,3 пайызды құрап отыр. Бұл ретте олардың ауыр созылмалы аурулары болған. 

«Бұл факті COVID-тің ауыр салдарының алдын алудағы вакцинацияның тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдейді», - деді ол.


Министрліктің бағалауынша, "вакциналау елдегі эпидемиологиялық ахуалға оң әсер етіп жатыр". Цой Қазақстан "коронавирус бойынша оптимистік сценариймен келе жатыр" деді. Оған сәйкес, күн сайын орташа 6,6 мың науқас тіркеледі.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, шілдеде дельтаға байланысты елде вирус өршіген. Ал тамыз айында індеттің сәл бәсеңдегені байқалған.

Қазір республика бойынша инфекциялық ауруханалардағы орындардың 54 пайызы, реанимациядағы орындардың 45 пайызы бос емес. Бұл жөнінде ең жоғары көрсеткіш Атырау облысы мен Нұр-Сұлтанда тіркелген. Мұнда ауруханалар 69 пайызға толы. Ақтөбеде – 65 пайыз, Алматы қаласы мен Жамбыл облысында стационарлардағы орындардың 63 пайызы бос емес.