03 там, 2021 сағат 11:45

Цой: Қазақстан коронавирус бойынша оптимистік сценариймен келе жатыр


ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алдағы екі айдағы КВИ сырқаттану көрсеткішіне болжам жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, соңғы төрт аптада ДДСҰ-ның алты аймағының бесеуінде инфекция 80%-ға немесе екі есе артқан. Бұл өсудің басым бөлігі қазіргі уақытта 132 елде табылған аса жұқпалы дельта нұсқасынан туындайды. Дельта штамының алғаш рет елордада анықталғанын және сырқаттанудың күрт өсуіне әкелгенін ескере отырып, Нұр-Сұлтан қаласындағы сырқаттану динамикасын зерттедік және соңғы екі аптада ауру көрсеткіші бір деңгейден аспағанын байқадық», - деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында. 

Оның сөзіне сенсек, соңғы аптада жедел жәрдем шақыру көлемі 11% азайған. 

«Тамыз-қыркүйек айларына жасалған эпидемиологиялық болжамға сүйенсек, Қазақстан оптимистік сценариймен келе жатыр. Мұнда болжам бойынша тамыз-қыркүйек айларында шамамен 250 мың науқас тіркеледі. Күніне орташа есеппен 7 мың адам. Оптимистік сценарийді одан әрі ұзарту карантин шараларын сақтап, тиісті тұрғындарды вакцинамен қамтуды арттыру кезінде ғана мүмкін болады», - деп толықтырды министр.

Қазір Қазақстанда Түркістаннан басқа қалалар мен облыстардың барлығы "қызыл аймақта" тұр. Вирус өршіді делінген "қанық қызыл" аймақта Алматы, Шымкент қалалары, Қарағанды және Атырау облыстары тұр. Министрдің айтуынша, Нұр-Сұлтанда эпидемиологиялық ахуал тұрақтанған.

Сондай-ақ, қазір Қазақстанда инфекциялық ауруханалардағы орындардың - 56 пайызы, реанимация төсектерінің 44 пайызы бос емес. Әсіресе, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Атырау, Ақмола, Маңғыстау облыстарында стационарлар тез толып барады.

Сонымен бірге, елімізде вакцина салынуы тиіс халықтың 55 пайызы екпе алған.

«Халықты коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта 9,4 млн доза вакцина қолданылған. Оның бірінші компонентін 5 480 094 адам салғызды, бұл вакцина алуы тиіс халықтың 55,4 пайызын құрайды. Екінші компонентімен 3 941 941 адам немесе тиісті халықтың 39,8 пайызы қамтылды», - деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Министрлік тағы 4 млн халық үшін қосымша 8 млн доза жеткізуге келісімдер орнатты. Жеткізу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіледі.

«Осыған байланысты республикада вакциналауға қолжетімділік жеткілікті көлемде қамтамасыз етілген», - дейді Цой.