Денсаулық сақтау министрлігі сәуірде өңірлерге жеткізілетін коронавирусқа қарсы вакцина көлемін арттырды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Ағымдағы эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, сәуірде Нұр-Сұлтанға жеткізілетін вакцина мөлшері 284 мың, Алматыға - 464 мың, Шымкентке - 172 мың, Алматы облысына - 232 мың, Қарағанды облысына - 217 мың дозаға дейін көбейді», - деді Цой Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, сәуірде вакцинаның 2 миллион дозасын жеткізу күтіледі. Бұл адамдардың 23,4 пайызын вакцинациялауға мүмкіндік береді. Ал бірінші жартыжылдықта 6 миллионнан аса доза вакцина алу жоспарланған.
«Өндірушілермен жүргізіліп жатқан келіссөздерді ескере отырып, Қазақстанға бірінші жартыжылдықта вакцинаның 6 млн-нан астам дозасын жеткізу жоспарланған. Бұл вакцинациялауға жататын контингенттің 64 пайызын қамтуға мүмкіндік береді. Аталған көлем КВИ-ге қарсы вакцинациялауға жататын контингентті барынша кеңейтуге және тегін екпе алуға ниет білдірген тұлғаларға қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп толықтырды министр.
Оның атап өтуінше, ұжымдарда және адамдар көп жиналатын орындарда вакцинациялау жүргізуге жылжымалы егу пунктері жұмылдырылады.
«Осыған орай облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының әкімдері халықты КВИ-ге қарсы вакцинациялаумен қамтуды арттыру үшін адамдар көп жиналатын жерлерде уақытта егу пунктттерін/бригадаларды ұйымдастыруы; көшпелі егу бригаларын екпе жүргізу үшін термоконтейнерлермен және вакцина сақтауға арналған тоңазытқыш жабдықтардың жеткілікті санымен қамтамасыз етуі қажет», - деді Алексей Цой.
Сондай-ақ, министр облыстар және Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары әкімдеріне халықты вакцинациялау үшін жағдай жасауды тапсырды.