29 қаз, 2019 сағат 12:42

Цифрлық технология агроөнеркәсіпті қалай өзгертті?

Соңғы жылдары AgTech атымен таралған технология агроөнеркәсіп саласының бет-бейнесін түбегейлі өзгертті. 2015 жылы агросалаға құйылған инвестиция мөлшері 4.6 миллиард АҚШ долларына жетті. Алайда, халық саны көбейіп жатқандықтан шикізатқа қажеттілік көбеймесе, азаймақ емес. Ал жақында жасалған зерттеулерге сүйенсек, 2030 жылға қарай агросаланың өндіріс қуатын 60%-ға көтеру керек.

Оған қалай қол жеткізбекпіз? Бір ғана жауап бар, ол – фермерлер мен тамақ өнеркәсібіндегі адамдардың цифрлы технологияның тілін меңгеруі. Сол кезде ғана өндіріс қуатын бірнеше есе арттыруға болады. Технологияның қолданылу аясы кеңейген кезде агроөнеркәсіп жаңа деңгейге көтерілері анық.

Есептеуіш технологиялар және сенсорлы құралдар

Агроөнеркәсіпке есептеуіш технологиялар желісін (ЕТЖ) қосу жақсы нәтиже береді. Әсіресе, ЕТЖ-нің тамақ өндірісі секторында үлкен әлеуеті бар. Cisco жасаған зерттеулерге сәйкес, ЕТЖ-ның агроөнеркәсіпке кіруіне 14,4 триллион АҚШ доллары кетеді. ЕТЖ арқылы аграрлық саладағы ресурстарды сенсорлы құралдардың көмегімен жинауға, тексеруге және таратуға болады.

Суретті танитын технологиямен жабдықталған сенсорлар егістік алқабының стратегиялық маңызды аймақтарына орналастырылады. Нәтижесінде фермерлер егістікті кез келген уақытта, кез келген жерден бақылай алады. Сенсорлы құрылғылар фермерлерге маңызды мәліметтерді жібереді. Диқандар соған байланысты егістікке қандай күтім жасалу керектігін шешеді. Расында арнайы қосымша арқылы бақшадағы көкөністер мен жемістердің қайсысын суарып, қайсысына қосымша тыңайтқыштар беру керектегін білсек, алатын өнім әлдеқайда көп болатын еді. Ал үлкен егістік алқабындағы ЕТЖ сенсораларының жұмысы да сондай болмақ және ол өте үлкен аумақты бақылауда ұстай алады. Бұл тамақ өндірісіндегі ысырапты азайтып, өнімділікті арттырады.  

ЕТЖ және техникаға орнатылған сенсорлар

Аталмыш технологияны егістік алқаптарына орналастырған сияқты, сенсорларды агросаладағы техниканың жағдайын бақылау үшін де қолдануға болады. Соған сай тракторлар мен басқа да агротехника көптеген сенсормен жабдықталады. Кейбір сенсорлар таулы-қыратты жерлерді GPS-тің көмегімен бақылайды. Ал кейбіреулері алынатын түсімді есептеуге және тіркеуге арналған. Тіпті тракторларды қай уақытта жөндеу керектігін қадағалайтын құрылғылар да бар. Жалпылама айтқанда, мұндай сенсорлар ауыр техниканың барынша пайдалы әрі ұзақ қолданылуын қамтамасыз етеді.

Дрондар және егістікті бақылау

Егер сіздің шағын бақшаңыз болса, ондағы жағдай үнемі көз алдыңызда болады. Бірақ ірі егістік алқаптары шақырымдарға созылғандықтан, алқапты көре алу үшін құстың ұшу биіктігіне көтерілуің керек. Ол үшін әр фермерде ең азы бір тікұшақ болу керек. Ал тікұшақ орнына дрон қолданатын болсақ, шаруалар ақша үнемдей алар еді. Себебі, дрондар тікұшақтан әлдеқайда арзан. Соңғы уақытта АҚШ-та дрондар жақсы қолданылып, егістікті құрғақшылық пен басқа да қауіпті табиғи зиянкестерден қорғауға мүмкіндік алды. Дрон түсірген дақылдың 3D суреттерін сараптамадан өткізу арқылы топырақтың сапасы мен жағдайын саралауға болады.

Сонымен қатар дрондар егістіктің үстіне химиялық дәрілерді себуге қолданылды. Олар дәрі-дәрмекті сепкен кезде топырақтың төменгі қабатына өтпейтіндей, өте мұқият жасайтын. Жақында жасалған зерттеулерге сай, дрондар басқа машина түрлерімен салыстырғанда дәріні бес есе тиімді себеді екен.

Диқаншылық және роботтар

Роботтар мен жасанды интеллектінің басқа индустрияда қолданылғаны сияқты, олар агроөнеркәсіптің де өндіріс әлеуетін бірнеше есе көтере алады. Дж. Дирдің жасаған зерттеулері бойынша, суландыруға және арамшөп жұлуға арналған роботтар химиялық дәрінің қолданысын 90%-ға дейін азайтады екен.

Сол сияқты өзге де стартаптар лазер мен камераның көмегімен арамшөптерді жұлуды тәжірибеден өткізіп жатыр. Бұл роботтар егістіктің ішінде өзі жол тауып, арамшөпті адамдардың араласуынсыз жұла алады. Кейбір роботтар көшеттер мен дәндерді егумен айналысып, қолмен жасалатын жұмысты автоматтандырады. Алдыңғы буын роботтары үшін мүмкін еместей көрінген  жемістер мен жаңғақтарды жинау процесін де қазіргі роботтар атқарады.

Радиожиіліктерді сәйкестендіру сенсорлары мен трекинг

Радиожиілікті сәйкестендіру сенсорлары дақылдар жиналған соң, оның егіс алқабынан дүкен сөрелеріне дейінгі жолын бақылайды. Нәтижесінде, тұтынушылар сатып алған тамағының дүкен сөресіне қалай келгенін көріп, біле алады. Осы сияқты технология тұтынушылардың өндірушілерге деген сенімін арттырып, олардың үнемі таза әрі балғын өнім ұсынуына ұқыптылықпен қарайды.

Алайда бұл өндірушілерді Е типтегі тұрақтандырғыштарды қолданудан алыстатпайды. Дегенмен ол шамадан тыс қолданылған болса, өндірушіні анықтап, өнімді кері қайтаруға болады. Сол сияқты коли мен зиянды бактериялардың біздің дастарханымызға түсуіне жол бермей, тамақтан уланудың деңгейін түсіруге көмектеседі.

Осындай трекинг жүйесі тұтынушылардың өнім сапасына қатысты күмәнін азайтады. Ал фермерлер үшін тауарының бақылауда болғаны белгілі бір жеңілдік сезімін сыйлайды. Осыдан кейін олар өз өнімінің таза екендігіне кепілдік беретін болады.

Компьютерлік сана мен сараптама

Осы саладағы ең инновациялық жаңалық деп компьютерлік сана мен жоғары деңгейдегі сараптаманың қолданысқа енгенін айтуға болады. Оны диқандар дақылды егуден бұрын қолға алады. Компьютерік сана қай дақылдың қай қасиеті мен сорты нарықта үлкен сұранысқа ие болатынын анықтайды. Бағдарламаның күшімен әлемнің барлық түпкірінде жері мен климатына сәйкес келетін дақыл түрлерін ұсынады.

Компьютерлік сананың алгоритмдері агроөнеркәсіпте де қолданыс табады. Алгоритмдер қай тауардың жақсы сұранысқа ие болып, қай тауардың кері қалғанын айта алады. Осылайша, болашақтағы агросаланы қай бағытта дамыту керектігіне болжам жасай аламыз.

Агрономияның болашағы цифрлық технологияның кең қолданылуына тікелей байланысты. Диқандар мен фермерлер әрбір іске қосылған технологияның пайдасын көріп, қоршаған ортаны қорғауға мән беретін болады. Сәйкесінше, жақсы түсім алып, дақылдарды өсірудің, күту мен жинаудың тиімді жолдарын табады. Қазіргі адамдар қалай үздіксіз дамыса, агросаладағы әдістер де дамуы керек. Ендігі кезекте, технологияның көмегімен дастарханымызға сапалы өнімдер қойып, диқандардың да өз жұмысына риза болатын уақыты келді.

Мақаланың түпнұсқасы: forbes.com