16 там, 2019 сағат 15:24

Цифрландыру процесі компаниялардың экономикалық өсімін арттырады


Қазақстанда цифрландыру жұмыстары нәтижесінде ірі компаниялардың табыс көлемі артып келеді. Атап айтқанда, өткен жылы «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қорындағы таза пайда 28 млрд. теңгені құраған.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, «Самұрық-Қазына» – цифрландыру бағдарламасындағы негізгі ойыншылардың бірі. Сол себепті де, компанияның ел экономикасын цифрландырудағы үлесі зор саналады.

Бүгінде трансформациялау және цифрландыру бағдарламасын біріктіру арқылы оң өзгерістер орын алып, нәтиже жақсара түскен. Биыл бұл көрсеткіш 40,7 млрд. теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр.

«Өткен жылы цифрландырудан күтіліп отырған пайда көлемі зор екендігін көрсетіп, жобаларға айтарлықтай мол бюджет сұраған портфелдік компаниялармен қызу пікір таластырған едік. Оларға бағындырылатын нақты көрсеткіштерді көрсетуге тура келді. Есесіне бүгін өздері баяндайтын жобалар шынымен де табыс әкеліп, бәсекеге қабілеттілік тудыратынын білетін боламыз», – деп атап өтті «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.

Айта кетейік, еліміздегі жетекші компаниялар цифрлық экономиканы алға жылжыту мақсатында цифрлық форматқа көшіп жатыр. Осыған орай, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ға қарасты портфелдік компаниялардың барлығы цифрлық технологияларды кеңінен қолдануда.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында бірқатар компаниялар көптеген жобаны жүзеге асыру үстінде. Мәселен, «Қазақстан Темір Жолы» ҰҚ» АҚ тасымалдау құжаттарын электронды форматқа ауыстыру жобасын қолға алса, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ мұнай өңдеу зауыттарындағы жөндеуаралық кезеңді ұзартатын жобамен айналысып жатыр. Ал «Қазпошта» АҚ «Қазақстан Республикасында В2В2С қызметтерін дамыту» жобасын іске асыруды көздейді.