17 қаз, 2019 сағат 07:46

Цифрландыру науқас деректерінің қауіпсіздігін қорғайды

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев елімізде науқастардың құпиясы кибершабуылдар мен хакерлерден қалай қорғалатыны туралы айтты.

«Цифрландыруға дейін амбулаториялық карталар мен жазбалар қағаз түрінде болды. Ол кезде медициналық мәліметтердің сақталуына ешкім кепілдік берген жоқ. Мәселен кез келген еден жуушы, техникалық маман мәліметтерге қол жеткізіп, дәрігердің жазбасымен таныса алатын еді. Тіпті суретке де түсіріп алуға мүмкіндік болды. Медициналық деректер қағаз жүзінде жүргізілгенде ақпарат қолжетімді болды.  Бірақ цифрландыру үдерісі басталғалы медициналық мәліметтердің қауіпсіздігі стандарты 99,6% шамасында сақталуда», - деп түсіндірді Олжас Әбішев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуынша, департамент Ұлттық қауіпсіздік комитетімен (ҰҚК) бірге қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

«Біз ай сайын өз құрылымдарымыз ішінде, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік бойынша сыртқы уәкілетті органдардан тексеруден өтеміз. Кез келген медицина қызметкері өзінің қызметін пайдалана отырып, ақпараттық жүйелерді пайдалануға, сырттан мәлімет қосуға және көшіруге құқығы жоқ екенін айтқым келеді. Ол өзінің кәсіби қызметі шеңберінде көрсетілген медициналық қызметтер туралы деректерді ғана енгізе алады. Деректерді флешкаға басып шығару және көшіру әрекеті олардың қызметіне кірмейді», - деп атап өтті вице-министр.

Сондай-ақ науқас қағаз түріндегі ауру тарихын тек өз сұранысы бойынша ғана ала алады. Тағы бір айта кетерлігі, Денсаулық сақтау министрлігі пациентке sms-хабарлама арқылы ақпарат жіберу мүмкіндігіне ие. 

Олжас Әбішев атап өткендей, медицина саласын цифрландыру қолға алынғаннан бері денсаулық сақтау жүйесінде медициналық деректердің жойылып кету  фактісі  тіркелмеген.