Сіз сурет көрмесіне барып көріп пе едіңіз? Ондағы үлкенді-кішілі картиналарға зер салып қарап, санаға сіңіру дағдысын қалыптастырып үлгердіңіз бе? Шығарманы көріп, тақырыбы мен авторын оқып, жанынан жай ғана өтіп кетуге әбден болады, әрине. Алайда көрменің қызығы сол, мазасыздықты кетіріп, сананы тынықтырумен қатар, адамның қиял әлемі мен көңіл көкжиегін кеңейтіп, білімін арттырып, ойлау жүйесін дамыта түседі. Қалай дейсіз ғой? ҚР Ұлттық музейіне Мәскеудің Третьяков галереясынан арнайы келген көрменің туындыларына тоқталып, бейнелеу өнерінің қыры мен сырын әңгімелеп көрейін сізге.
Сурет салу өнері өте ерте заманнан бастау алса керек. Трихи деректерге сүйенсек, алғашқы адамдар сурет салуды қарым-қатынас мүмкіндігі деп қараған. Көмір, үшкір тастар арқылы ойдағы дүниені жерге таңбалап көрсеткен. Пайда болған бейнені ағаштан қашап жасауға дағдыланып, мүсіндеу өнерінің негізін қалапты. Бертін келе қашап жасаған дүниесін безендіруге көшкен. Сөйтіп бейнелеу өнері түрлі жағдайда дамып, кескіндеме, мүсін, графика дейтін салаларға бөлінген. Біз сөз еткелі отырған сурет өнері талантпен қатар табандылықты, шеберлікті қажет етеді. Салған суретіне әлем таңданып қарауы үшін суретші көп еңбектенуі керек шығар, бәлкім. Сурет салу да еңбек болып па дерсіз? Ақ қағаз бетін түрлі-түсті бояумен шимайлау зор еңбек болмаса да, мол тәжірибе қалыптастыратыны анық. Ал неміс ойшылы Гете: «Сурет өнерін меңгеру үшін тек қана білім, білім және білім қажет», - депті. Рас-ақ. Білімнің алмайтын қамалы жоқ, суретшінің шеберлігі де, тәжірибесі де зор біліммен қалыптасса керек.
Бұл көрмеге ұсынылған 50 шығарма әртүрлі жанрды қамтиды. Бір-біріне ұқсамайды. Бейнелену әдістері де бөлек. Әр шығарманың өз тарихы бар. Әлемді таңдандырған танымал туындыларға қарап, өнер дейтін кереметтің сұлулығына тәнті боласың. Автордың шабытын, бір сәттік көңіл-күйін, ойы мен қиялын арқалаған сан жылдық суреттер көрушіні бейжай қалдырмайды.
Ағылшын жазушысы Оскар Уайлдтың «Дориан Грейдің портреті» шығармасындағы суретші кейіпкер өзі салған суреті туралы: «Суретші сүйіспеншілікпен жазған кез келген портрет – шын мәнінде, ол өзінің портреті, бұл тіпті де ол салған адамның ғана бейнесі емес. Кейіпкерді емес, өзінің жан-дүниесін ашады суретші. Сондықтан, мен бұл сурет менің жан сырымды әлемге жайып сала ма деп қорқам. Сол үшін де көрмеге қойғым келмейді», - дейді. Жазушының айтпағына сүйенсек, көрмеге ұсынылған әр шығарманы тамашалау арқылы әр суретшінің жан сырын түсінуге мүмкіндік бар.
Тыңдай білетін кісі үшін суреттер сөйлейді. Оны есту үшін картинаның авторын, тақырыбын білу шарт емес. Тек үңілу қажет. Суреттің тілін өз пайым-парасатыңызбен ұғынып, онымен өзара түсінісу әлдеқайда қызығырақ. Өз басым әр картинаға ден қойып қараған сәтте оның тақырыбына, авторына баса назар аудармайтыным бар. Неге дейсіз ғой? Суретшінің айтпағын оқып алсам, көз алдымдағы туынды мен үшін қызықсыз боп қалады. Шығарманы автор қойған тақырыптың аясында ғана танып, жай қарап өте шығуға тура келеді. Ойлана алмаймын, суретшінің жан-дүниесін сезініп, суретті сөйлету мүмкіндігі болмай қалады. Ал аты-жөні белгісіз, үлкен көлемдегі көркем суреттің алдында тұрған сәтте санамды еріксіз «өшіріп» тастаймын. Мазасыз ойдан арылып, көңіліме бір жайлылық орнайды. Сосын өнердің үні мені өзіне тарта түседі.
Мені бірден өзіне баурап алған картина – «Каспидегі таң». Авторы – Таир Салахов. Бұл шығарма 1986 жылы дүниеге келіпті. Туындының шынайылығы сондай, көз алдыңа теңіздің көрінісі келеді. Толқын дыбысы мен шағаланың үні қатар естігендей боп, теңіз жағасындағы кеңдік пен еркіндікті сезіне түсесің. Картинаның этикетажында автордың осы жұмысы туралы пікірі берілген. «Утро на Каспии» суретін ұзақ уақыт дайындадым. Брезент күртешедегі жігіт әлденені күтіп жатыр. Қайнаған жұмыс күні басталуға жақын. Оның ойы үйінде», - депті. Таир Салаховтың бұл сөзін оқымай тұрып, мен бұл жігітке ұзақ үңілдім. Теңіз жағасында өмір сүретін адамға тән салмақтылық бар бойында. Тек қара күштің емес, тұңғиық ойдың иесі бұл. Өзгеге айтарын үнсіз ұғындыратындай. Теңіздегі тірлігі оның нан табу үшін жасап жүрген жұмысы емес, теңіз – оның өмірі. Дәл қазіргі мазасыздығының себебі – сағыныш қана. Мен бір қабырғаны тұтас алып тұрған үлкен суреттің үнін осылай ұғындым. Сіз не айтар едіңіз?
1 –сурет. Каспидегі таң.
Маған көлемді картиналардың мазмұны да терең сияқты көрінеді. Кішкентай суретте де үлкен ой жатуы мүмкін. Алайда бұл шығарманың қасынан тездетіп өте шығу, шынында да, мүмкін емес еді.
Автордың жан әлемінен бөлек, әр туындының белгілі бір оқиғаны баяндайтыны тағы бар. Мысалы портреттерден жалқы тұлғаның бейнесін танысақ, «Ауыл», «Күзге серуен», «Тырналар» деп аталатын шығармалардан ауыл көшелерін, ойнап жүрген балалар, жан-жануарлар мен биік ағаштар, құстармен қатар, адамдарды да байқауға болады. Шығарманың әр детальына мән беріп, туындыға «өзімше» тақырып бергім келеді.
2-сурет. Ашық терезе.
Мені таңдандырған келесі картина – «Ашық терезе». Авторы – Константин Юон. Бұл сурет 1947 жылы салыныпты. Қараңызшы, сіз ашық терезеден тек табиғатты көріп тұрсыз ба? Картинаға емес, еріксіз сыртқа үңіле түскің келеді. Жап-жасыл әлем, жаздың жайма шуақ күні терезенің бер жағында тұрған адамның жанына бір жайлылық береді. Суретке қарап тұрып, жүгіріп далаға шыққым келді. Жарық күнге жүзімді сүйдіріп, жаздың жұпар иісімен тыныстағым келді. Амал жоқ, сыртта жасыл белестер емес, есіктің ар жағында – шуы көп қала. Суретке жақындай түстім. Терезенің ар жағындағы әлем адамның жан-дүниесі емес пе? Жарығы да, көлеңкесі де бар, жылуын сезініп, сұлулығына таңырқамау мүмкін емес. Біз осы күйбең тіршіліктің соңында жүріп «терезенің» ар жағында жасырынған кереметтерге мән бермей жүрген жоқпыз ба? Өзгенің бойындағы тұнық әлемді жазбай танып, айналаңдағы жақсылардың жылуын сезіну үшін өз жүрегіңнің терезесін де ашық ұстау керек екен-ау...
Гректің суретші-педагогтары суретші шәкірттерін алдымен табиғатты оқып үйренуге, сұлулықты бақылауға, оның мәнін түсінуге дағдыландырған. Және олар белгілі бір нұсқаға қарап, одан кейін ғана оның суретін салу әдісінің негізін қалапты. Көз алдындағы дүниені бейнелеу арқылы өз жан-дүниесінің жарығын сурет арқылы беру суретшінің шеберлігі шығар. Италиялық мүсінші Микеланджело: «Суретті жай салмай, ой арқылы салу керек» деген пікір айтқан. Демек, біз қарап отырған әр картинада автордың ойы да бары анық.
Аркадий Пластовтың «Тракторшылардың кешкі асы» деп аталатын мына шығармасы адамды қарапайымдылығымен тартады. Шынайылығы сол, бұл – жұмысшының әдеттегі бір күні ғана. Ал сол бір күнге үңіліп қарасаңыз, сіз бен бізге беймәлім қанша сыр жатқанын түсінуге болады. Аптап ыстық басылып, күн батқаннан кейінгі кешкі дала көрінісіне қарап тұрып, масаның ызыңы келді құлағыма. Ана айранның дәмі еңбектің тәтті дәмі емес пе? Осы сәт қара терге малынып, күні бойы тыным таппаған тракторшының ең бір қуанышты сәті шығар мүмкін. Ал біз өмірімізде бір рет осындай тәтті астың дәмін татып көрдік пе екен? Жоқ, сіз мені қате түсінбеңіз. Бәріміз де адал еңбек етіп, дәмді тамақ тауып жүрміз ғой. Бірақ екінің бірі шыжыған ыстықта егін алқабында еңбек етіп көрмегені анық.
3-сурет. Тракторшылардың таңғы асы.
«Тағы да екілік» картинасы көпшілікке кеңінен танымал. Федор Решетников бұл суретті 1952 жылы салған. «Опять двойка» – автордың көркемсурет трилогиясының екінші бөлімі. Біріншісі – «Прибыл на каникулы» (1948), ал үшіншісі «Переэкзаменовка» деп аталады. Бұл шығарма терең ойлануды қажет етпейді, себебі бейнеленген көріністен басқа тақырып табу мүмкін емес. Үй ішіндегілердің жанарында жазылған «тағы ма?» деген сұрақты оқып, «2» алған бала үшін бір түрлі қынжылғандай болдым. Картинадағы көңілсіздікті жүрегіммен сезініп, «қап...!» дегім келетін сияқты. Анасының өкініші мен әпкесінің ашуынан сескеніп, өз кінәсін іштей мойындап, шарасыз халде тұрған балақайды аяй түстім. 1957 жылы «Опять двойка» деген атаумен мультфильмнің түсірілуі «Тағы да екіліктің» үлкен жетістігі деуге болар. Мультфильмде картинадағы барлық образдар тіріліп, география пәнінен «2» алған оқушының хикаясы баяндалады. Кейінірек дәл осы суреттің тақырыбы «Ералаштың» 124-сериясына арқау болған.
4-сурет. Тағы да екілік.
Суретте сиқыр бар. Әр шығармадағы көрініс сіздің басыңыздан өткен бір оқиғаны есіңізге сала қояды. Жүрегіңіздің нәзік қылын дөп басатыны соншалық, әлгі картинадан бір танысыңызды көргендей мәз боласыз. Таңырқап қарап, қызыға түсесіз. Мысалы, тау етегінде орналасқан ауыл бейнесін көргенде, Қырғызсайым еріксіз есіме оралады. Ауылдың сырт көрінісі суреттелген шығармаға қарап тұрып, бір сәт ауылымның ауасымен тыныстап, таудың салқын самалын сезінгендей боламын. Санада сақталған көне көріністер дәл осындай суреттер арқылы қайта тірілетіндей. Көркем суреттер сізді әлдеқашан ұмыт болып, тек сағынышпен еске алатын кейбір сәттеріңізбен қайта қауыштырып, әдемі бір күйге бөлейді.
5-сурет. Утро.
Бұл көрменің басты экспонаты – «Утро» картинасы. Авторы – Татьяна Яблонской. 1954 жылы салынған. Суретте Т. Яблонскойдың үлкен қызы 13 жасар Лена бейнеленген. Терезеден түскен күннің шуағы мен таңғы жаттығу жасап жатқан қыздың бейнесі көңілге сергектік сыйлайды. Суреттегі 13 жасар Лена «Третьяков галереясы топтамасынан XX ғасырдың 50 жауһары» көрмесінің ашылу салтанатына арнайы келді. Қазір ол 77 жаста екен. Бұл картинаның Лена үшін маңызы зор. Себебі қазақстандық Арсен Бейсембинов есімді жігіт Ленаны алғаш рет өз үйінде ілініп тұрған осы картинадан көріп, ғашық болыпты. Сөйтіп Лена С.Г.Строганов атындағы Мәскеу көркем-өнеркәсіп академиясында оқып жүргенде жас суретші Арсенмен танысады. «Утро» картинасының себеп болуымен Лена көп ұзамай оған тұрмысқа шығып, Қазақстанға көшіп келген. Қазір Алматы қаласында тұрады.
Өнерді өмірге әкелетін кісі бойындағы дара таланты делік. Құдайдан берілетін ондай қасиет «өнер» болып туылмайынша тыныш таппайтыны да анық. Санаға бағынбай, ақылмен шектеуге көнбей, сыртқа ынтығып, буырқанған көңілден босап шыққанша асығып, өмірге «өнер» келеді. Әнші жан тебірентер әнін шырқайды, күйші күйін шертеді, ақын шабыттанып өлең жазып, сазгер жүрекке жетер әуенін әкеледі дүниеге. Ал суретші көкейіндегі бейнені қағаз бетіне түсіріп қана қоймай, өз жан-дүниесінің жарығын да, көлеңкесін де сызады. Міне, сурет өнерінің үнін тыңдау дегеніміз – осы жарық пен көлеңкені ажыратып, туындыдан автордың жан-дүниесін көру, тану мен сезіну.
Римдік философ Сенека «Қанша өмір сүрсең де, өмір бойы оқуға тиіссің» деген екен. Кез келген жаста көру арқылы түйсінуге, білуге, дамуға жетелейтін көрмелердің адамға берері көп. Өнердің қай түрі болмасын, көңіл сүйсінтетіні хақ. Ал сурет өнерінің көкірек көзіңмен қарап, жүрекпен қабылдайтын тұстары жетерлік.
ҚР Ұлттық музейдегі «Третьяков галереясы топтамасынан XX ғасырдың 50 жауһары» көрмесі10 қыркүйекке дейін жалғасады.
Ләйлә Ноғайбекқызы