АҚШ президенті Дональд Трамп Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман оппозициялық журналист Жамал Хашоггиді өлтіруге тапсырма берді деп санамайтынын мәлімдеді.
ЦРУ басшылары америкалық БАҚ-қа мұндай операция жүргізу үшін оны тақ мұрагері мақұлдауы керегін айтты. Бірақ Сауд Арабиясының билігі операцияны "қатыгездік" деп атаған.
Трамп Флоридада журналистердің "ЦРУ қастандықты қалай бағалайды?" деген сұрағына "Олар тақ мұрагері тапсырыс берді деген қорытынды жасаған жоқ" деп жауап берді.
Трамп мұндай мәлімдеме жасаған уақытта Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Таяу Шығыс елдеріне сапарын бастады. Жамал Хашоггидің қазасынан соң бірінші рет шетелге ресми түрде шығып отырған Салман алдымен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды.
Washington Post газетінің тілшісі Жамал Хашогги қазан айының басында Сауд Арабиясының Стамбулдағы консулдығында қаза болған. Журналист соңғы жылдары Эр-Риядтың саясатын қатаң сынап жүрген. Түркия мен АҚШ журналистің өліміне Сауд Арабиясының жоғары билігі, оның ішінде тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманның қатысы болуы мүмкін деп санайды.
Журналистің денесі әлі табылған жоқ. Сауд Арабиясының билігі Хашоггидің өліміне күдікті 21 адамның ұсталғанын хабарлағанымен, қастандыққа қатысы барын жоққа шығарған. Бұл іс бойынша күдікті 11 адамның ісі сотқа берілді. Сауд Арабиясының прокуроры олардың бесеуіне өлім жазасын сұрады.