АҚШ президенті Дональд Трамп Парижде Ресей президенті Владимир Путин, Франция президенті Эммануэль Макрон, Германия канцлері Ангела Меркельм және басқа да әлем елдерінің басшыларымен кездесіп, орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою жөніндегі келісім жайын талқылады. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерс хабарлады.
Кездесуде сонымен қатар санкциялар, Сириядағы жағдай, Солтүстік Корея мәселелері және басқа да аймақтық проблемалар талқыланды. Кездесу 11 қараша күні Парижде Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына жүз жыл толуына арналған салтанатты шара аясында екі сағатқа созылған түскі ас кезінде болған.
Бұған дейін Владимир Путин Дональд Трамппен сөйлескенін растаған. Алайда, ол қандай тақырыпта сөйлескенін айтпаған. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтің сөзінше, келелі келіссөз болмаған, президенттер тек түскі ас кезінде бір-бірімен амандасып, аз-кем сөйлескен.
Әуелде АҚШ пен Ресей президенттері Парижде екі жақты келіссөз өткізеді деп жоспарланған еді. Бірақ Франция президенті "қазіргі саяси мәселелер тарих трагедиясын еске алуға кедергі келтіреді деп санағандықтан" кездесу өтпей қалған.
АҚШ пен Ресей президенттері осы айдың соңында Буэнос-Айресте кездесуі мүмкін. Мұнда 30 қараша мен 1 желтоқсан аралығында "Үлкен жиырмалық" (G20) елдері басшыларының саммиті өтеді. Алайда, Песков Путин мен Трамптың Аргентинада кездесетіні жөнінде әзірге нақты келісім жасалмағанын, жағдай жиі өзгеріп жатқанын айтады.
Осы кезге дейін Путин мен Трамп екі рет қана - 2017 жылы жазда Гамбургте G20 саммитінде және 2018 жылы шілдеде Хельсинкиде жеке кездескен.