16 қаз, 2020 сағат 07:07

Трамп пен Байден дебат орнына сайлаушылармен кездесті

АҚШ президенті Дональд Трамп пен президенттіктен үміткер демократ Джо Байден бейсенбі күні сайлаушылармен кездесті. Олардың кездесуі екі арнадан тікелей эфирде бір мезгілде көрсетілді, деп хабарлайды Азаттық.

Филадельфияда Байденнің сайлаушылармен кездескенін - ABC арнасы, Майамиде президент Дональд Трамптың сайлаушыларымен кездесуін NBC арнасы көрсетті.

Бұған дейін коронавируспен ауырып шыққан Трамп Байденмен онлайн дебат өткізуден бас тартқан, одан кейін үміткерлерге дебатқа балама ретінде сайлаушылармен кездесу өткізу ұсынылған еді. 

Майамиде Трамп ашық мінберден сөз сөйлеген. Оған коронавирусқа шалдығу, салық төлеу, денсаулық сақтау саласындағы шаралар, медициналық сақтандыру, жоғарғы сот судьясын тағайындау сияқты сұрақтар қойылған.

Трамп 3 қарашада өтетін сайлауда жеңілсе, биліктің бейбіт ауысуын қамтамасыз ететінін айтқан, алайда жеңістен үмітті екенін де жеткізген.

Ал Филадельфиядағы ұлттық конституциялық орталықта сайлаушылармен кездескен Байден президент Дональд Трамптың коронавируспен күрес стратегиясын, сыртқы саясаттағы олқылықтарды сынаған.

"Қазір Иран ядролық қару жасауға бет бұрды, Солтүстік Кореяның зымыраны мен бомбасы көбейді, НАТО бойынша одақтастар АҚШ-қа сенбейтінін айтады, Қиыр Шығыс пен Тынық мұхитының батысында да біз оқшау тұрмыз" деді Джо Байден. 

АҚШ-та президенттіктен үміткерлердің соңғы дебаты 22 қазанда өтуі тиіс. Ол Теннеси штатында Нэшвил қаласында өтеді. 

Reuters / Ipsos өткізген сауалнама қорытындысы бойынша, Байден барлық штаттар бойынша Трамптан алда келеді, бірақ Байденнің де кейбір штаттарда көрсеткіші ауытқып тұр.