11 мам, 2017 сағат 10:02

Трамп Лавровпен "өте жақсы" келіссөз өткізгенін айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп (сол жақта) пен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ақ үйде. Вашингтон, 10 мамыр 2017 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесуін "өте жақсы" деп бағалады. Ол Вашингтон мен Мәскеу Сирияда алты жыл бойы жалғасып жатқан соғысты тоқтатуға бірге күш жұмсайтынын айтты.

АҚШ президенті Дональд Трамп мамырдың 10-ы күні Ақ үйде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады. Бұл Трамптың қызметіне ресми кіріскелі бері ресейлік жоғары дәрежелі дипломатпен алғаш рет кездесуі. Оған бұрынғы АҚШ президенті Ричард Никсонның тұсында ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесші, мемлекеттік хатшы болған әйгілі дипломат Генри Киссинджер, АҚШ-тағы Ресей елшісі Сергей Кисляк қатысқан.

Лавровпен өткізген келіссөзден кейін Трамп кездесу "өте жақсы" өткенін айтып, "Сириядағы сұмдық қырып-жоюға тоқтау салынуы тиіс, барлығы осы бағытта жұмыс істеп жатыр" деп мәлімдеген.

Ақ үй баспасөз құралдарына арнайы таратқан хабарламада АҚШ президентінің Сириядағы жанжалды тоқтату үшін бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін атап өткені айтылған. Трамп Башар Асад режимін, Иран мен Мәскеудің одақтастарын тежеу қажеттігін айтқан. Сонымен бірге ол өз әкімшілігі Шығыс Украинадағы осы уақытқа дейін 9,9 мыңнан астам адамның өмірін қиған қарулы жанжалды шешуге қатысуға бейіл екенін, Минск келісімдерін толық көлемде жүзеге асыруға Ресейге жауапкершілік жүктелетінін мәлімдеген. Бұдан өзге Трамп Таяу Шығыс пен басқа да жерлердегі жанжалдарды шешуге қатысты әріптестікті кеңейту мүмкіндігі туралы мәселені де қозғаған. АҚШ президенті өз елі мен Ресей арасында қарым-қатынастарды одан ары жақсартуға ниетті екенін айтқан.

Трамппен кездесуден кейін Вашингтонда баспасөз мәслихатын өткізген Сергей Лавров Ресей мен АҚШ Сирияда қауіпсіз аумақтар құру бойынша ынтымақтастыққа әзір деп мәлімдеген. Оның айтуынша, өзара іс-қимылдың нақты тетіктері АҚШ тарапымен келіссөздер аясында талқыланған.

Ресей сыртқы істер министрі терроризмді жою қажеттігін атап өткен. Сирия дағдарысын реттеуге қатысты сөзінде Лавров "Ақ үйдегі кездесу кезінде президент Трамптың АҚШ үшін Сирия мәселесінде терроризмді жеңу басымдық екенін" айтқанын журналистерге жеткізген. "Біз бұған толық қосыламыз" деген Лавров.

Ауғанстандағы жағдайға қатысты пікірінде Лавров "Талибан" қозғалысына Ресей жәрдем берген деген хабарларды жоққы шығарған. Сонымен бірге ол Ауғанстандағы жағдайды қалыпқа келтіруді көздейтін сол елдегі барлық күштердің ынтымақтастығы қажет болатынын айтқан.

Лавровтың сөзінше, Трамппен кездесуде Ресейге салынған санкциялар мәселесі де, "Ресейдің АҚШ-тағы сайлауға араласуы" тақырыбы да қозғалмаған.

"Қазір біздің диалог Обама әкімшілігіне тән болған идеологияландырудан ада. Трамп әкімшілігі – президенттің өзі де, мемлекеттік хатшы да - істің адамдары екеніне көзім жетті" деп мәлімдеген Ресей сыртқы істер министрі.

Лавров АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин шілде айында Германияда өтетін үлкен жиырмалық саммитіне кездесуге уағдаласқанын хабарлаған.

Ресей сыртқы істер министрімен Вашингтонда кездесуден бір күн бұрын АҚШ президенті елдің федералдық тергеу бюросының (FBI) басшысы Джеймс Комиді қызметінен алып тастаған. Өткен жылғы АҚШ президенті сайлауы кезінде Трамптың сайлау штабы мүшелерінің Ресеймен байланысының бар-жоғына тексеру жүргізіп жатқан мекеме басшысын отставкаға жіберген президент Трамптың шешімін Конгрестегі демократтар сынға алған.

Ақ үйдегі кездесуге дейін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Вашингтонда АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонмен де жүздескен. Тиллерсон мен Лавровтың мамырдың 10-ы күнгі кездесуінен кейін АҚШ мемлекеттік департаменті таратқан мәлімдемеде Тиллерсон ресейлік әріптесіне Украинадағы жанжалды реттеуге қатысты Минск келісімін толық жүзеге асыру қажеттігін айтып, «Мәскеу Ресейге санкциялар салуға себеп болған іс-әрекеттерін доғармайынша олардың күшінде қалатынын» жеткізгені айтылған.

Азаттық