07 мам, 2020 сағат 07:33

Трамп конгрестің Иран бойынша резолюциясына вето қойды

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатысты әскери операциялар жүргізу өкілетін шектейтін конгресс резолюциясына вето қойды. Қаңтар айында Бағдат әуежайында ирандық генерал Касем Сүлеймани өлтіріліп, АҚШ пен Иран арасындағы жағдай ушыққан кезде өкілдер палатасы осындай резолюцияны қабылдаған. Президент генералды өлтіру туралы шешімді конгреспен келіспей өз бетінше қабылдаған. Тегеран осыдан соң АҚШ-тың Ирактағы әскери базаларын зымыранмен атқылаған. 

"Бұл адамды қорлайтын резолюция, оны 3 қарашадағы сайлауда жеңуді көздейтін және республикашылдарды жікке бөлгісі келетін демократтар енгізген" деді Трамп. Ол сонымен бірге құжатты қолдап дауыс берген республикашылдарды да сынады.

 

Ақ үй жетекшісінің айтуынша, демократтар фактілер мен заңнамаға көзі жетпей жатып, резолюцияны қабылдаған. Трамптың сөзіне қарағанда АҚШ Иранға қарсы күш қолданып отырған жоқ. Ол Сүлейманиді өлтіру операциясын заңды деп атады. Оның айтуынша, бұл шешім 2002 жылы Иракта әскери күш қолдану туралы резолюциямен мақұлданған. 

Сенат президенттің вето қою туралы шешіміне байланысты 7 мамырда дауыс береді деп айтылады.