05 қаң, 2020 сағат 06:34

Трамп егер Тегеран соққы берсе, Иранның 52 нысанына шабуыл жасайтынын ескертті

АҚШ президенті Иранды АҚШ және америкалықтарға қарсы бағытталған іс-әрекеттен аулақ болуға шақырды. Дональд Трамп өзінің Twitter парақшасында осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенбі күні Америка Президенті өзінің аккаунтында «Иран әскери қолбасшы Касем Сүлейманидің өлімі үшін АҚШ-тың белгілі бір нысандарына соққы жасау туралы өте батыл айтып отырғанын» сөз етті.

«Иран АҚШ-тың кейбір нысандарына шабуыл жасайтыны туралы ашық айтып жатыр. Олар бізден әлемді террористен құтқарғанымыз үшін кек алғысы келеді. Ол [генерал Касем Сулеймани] басқа адамдарды айтпағанда бұған дейін америкалық сарбазды өлтіріп, өте көп адамды жаралады. Оның қолынан зардап шеккендер арасында шеруге шыққандар да бар.

Ұзақ жылдар бойы Иран қиындық туғызып келді. Бұл ескерту болсын. Егер Иран америкалықтарды немесе америкалық нысандарды атқылайтын болса, біз де қазірден бастап Ирандағы 52 нысанды көздеп отырмыз (бұл нысандар Иранның көп жыл бұрын тұтқынға алған 52 америкалықты білдіреді). Ол нысандардың кейбіреуі - Иран үшін, Иран мәдениеті үшін аса маңызды. Соққы осы нысаналарды және Иранды көздейді, бұл өте жылдам және өте күшті соққы болады. АҚШ қорқытып-үркітуге енді шыдамайды!», - деп жазды АҚШ президенті.

Еске сала кетейік, екі күн бұрын Бағдат халықаралық әуежайына жасалған ракета шабуылынан 8 адам көз жұмды. Ракеталар «Аль-Хашд аш-Шааби» шиит жасағына қарсы бағытталған болатын. Кейіннен бұл америкалық Пентагонның операциясы екені белгілі болды.

Айта кетейік, ракета шабуылынан қаза тапқандар арасында ирандық Ислам революциясы әскерлері корпусының арнайы мақсаттағы «Аль Кудс» қарулы күштерінің қолбасшысы Касем Сүлеймани де бар.

Осы жағдайдан кейін мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасы қымбаттады.