АҚШ президенті Дональд Трамп пен Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньху. Иерусалим, 22 мамыр 2017 жыл.
Иерусалимде Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен кездескен АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның әскери әлеуетін күшейтуінен қауіптенген араб елдері мен Израильдің мүдделері "ұқсас екенін" мәлімдеді, - деп жазады "Ұлт ақпарат" Азаттыққа сілтеме жасап.
Иерусалимдегі келіссөздер нәтижесі бойынша Трамппен бірге өткізген брифингте Нетаньяху "Таяу Шығыс аймағында бейбітшілік орнатуға алғаш рет жол ашылғанын" мәлімдеді. Ол АҚШ президентімен тығыз жұмыс істеуге дайын екенін айтып, "Ортақ қауіп кезінде жауларымыз әріптеске айналады" деді.
Бірлескен баспасөз конференциясында Нетаньяху АҚШ-тың Иранға қатысты саясатының өзгере бастағанын жоғары бағалады. Бұған қоса, ол Трамптың Сирияда химиялық қару қолдануына "батыл қарсы шыққанын" атап өтті.
"Қатал әрі тұрақсыз Таяу Шығыстағы қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін сізбен тығыз байланыс орнатамыз деп үміттенем. Біз күш біріктіре отырып, Иранның ядролық қаруға ұмтылған агрессивті саясатын тежей аламыз", - деді Нетаньяху.