30 мам, 2020 сағат 01:20

Трамп Гонконгті ерекше мәртебесінен айыратынын хабарлады

АҚШ президенті Дональд Трамп 29 мамыр күнгі баспасөз мәслихаты кезінде Гонконгті ерекше мәртебесінен айыратынын мәлімдеді. Трамп Қытайдың сауда және ұлттық қауіпсіздік мәселелерін шешуде қолданып отырған амал-тәсілдерін айыптады.

АҚШ Гонконгпен экстрадиция, экспорт және сауда мәселелері бойынша жасасқан келісімдерін қайта қарайды. Трамп сонымен бірге АҚШ мемлекеттік департаменті Қытайдың ішкі қауіпсіздік күштері тарапынан аңду, қоқан-лоқы көбейгенін ескере отырып, Гонконгке берген рекомендацияларын қайта қарайтынын айтты. 

The New York Times басылымының жазуынша, Трамп шешімі Пекиннің Гонконгтің ұлттық қауіпсіздік саласындағы саясатына килігуіне "жауап" ретінде қабылданып отыр. 

Дональд Трамп жұма күні АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау (ДДСҰ) ұйымын қаржыландыруды тоқтататынын мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда "ДДСҰ коронавируспен тиімді күресе алмаған, себебі Қытайдың ықпалына ұшыраған". 

Трамптың сөзіне қарағанда қытай билігі өздерінің жауапкершілігін толық мойындамай, ДДСҰ-ға қысым жасап, соның кесірінен ұйым бүкіл әлемге жаңа коронавирустың қаупін дұрыс ескертпей, жаңылыстырған. 

Трамптың айтуынша, АҚШ ДДСҰ-ға 450 млн доллар көлемінде жарна құяды, ал Қытай құятын жарна көлемі шамамен 40 млн доллардан құралған.

АҚШ - ДДСҰ-ға ең көп жарна құятын мемлекет. Вашингтон шешімі ұйымның жұмысын әлсіретеді деп айтылады. Трамптың сөзіне қарағанда, ұйымға бөлінетін қаржы әлемнің денсаулық сақтау саласындағы өзге де маңызды мәселелерді шешуге жұмсалмақ.