Ақ үй басшысы Дональд Трамп Германиядағы АҚШ әскерін 25 мың сарбазға дейін қысқартатынын айтып, НАТО бойынша әріптес елдерді алаңдатып қойды.
15 маусым күні Трамп Германияны НАТО-ны қаржыландыру бойынша міндеттемесін орындамай отыр деп айыптап, АҚШ әскерінің ол елде болуы қымбатқа шығып отырғанын айтты.
Еуропа елдері ішінде АҚШ әскерінің ең үлкен саны осы Германияда. Қысқарту 9500 сарбаздың еліне қайтуына әкеледі.
Өз мәлімдемесінде Трамп Германияда 52 мың АҚШ сарбазы бар деп жаңылысты. Бұл санның 17 мыңы әскерге қызмет ететін бейәскери адамдар.
Германиядан шығарылған АҚШ сарбаздарының бір бөлігі Польшаға жіберіледі, қалғаны еліне қайтады деп жоспарланып отыр.
АҚШ-тың Германиядағы әскери базалары Еуропаның қауіпсіздігін сақтауға қызмет етеді және АҚШ-тың Таяу Шығыс пен Азиядағы әскери операцияларына қатысады.
Трамп осыған дейін Германия мен Еуропаның өзге елдерін НАТО-ны қаржыландыру бойынша міндеттемелерін орындамай отыр деп бірнеше рет айыптаған.
АҚШ конгресінің кей мүшелері, олардың қатарында респубикалықтар да бар, АҚШ-тың Еуропадағы әскерін азайту ұлттық мүддеге зақым келтіреді және Ресейдің Еуропадағы рөлін арттырады деп ескертті.
Германияның қорғаныс министрі Аннегрет Крамп-Карренбауер (ханым) қысқарту жоспары Германияның жеке қорғанысынан гөрі НАТО-ның жалпы қорғанысына көбірек зиян тигізеді деді.
"АҚШ-тың Германиядағы әскері НАТО-ның жалпы қауіпсіздігіне қызмет етеді, демек АҚШ қауіпсіздігіне де қызмет етеді. Біз бүгін осы қағида бойынша жұмыс істейміз” деді ол 8 маусымда.
АҚШ пен Германия НАТО-ны қаржыландырудан бөлек Иран ядролық келісімі, климаттың өзгеруі және сауда жөніндегі шығындары бойынша да дауласып отыр.