АҚШ президенті Дональд Трамп 18 қаңтарда Шенген аумағындағы елдер мен Ұлыбритания, Ирландия, Бразилиядан келетін жолаушылардың коронавирусқа байланысты елге кіруіне шектеу қоятын ереженің күшін жойды. Трамп жарлығына сәйкес, 26 қаңтардан бастап Еуропадан АҚШ-қа сапар шегетіндердің қолында коронавирус жұқпағанын дәлелдейтін анықтама болуы тиіс. Бірақ Иран мен Қытайдан келетіндерге қойылған шектеу күшінде қалған. Трамп жарлығында бұл елдердің денсаулық сақтау саласында ақпарат алмасудан бас тартқаны жазылған.
20 қаңтарда өкілетіне кірісетін АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Джо Байденнің баспасөз хатшысы Джен Псаки жаңа әкімшілік шектеуді күшінде қалдыратынын айтты. Псакидің сөзіне қарағанда, әкімшілік керісінше халықаралық сапарларға шектеуді күшейтуді жоспарлап отыр.
Былтыр жыл басында Қытайдың Ухань қаласында алғаш коронавирус індеті өрши бастағанда Трамп түрлі мемлекет жолаушыларының елге кіруіне шектеу қойған. Бастапқыда Қытайдан келетіндерге тыйым салынды. Кейінірек шектеуге Иран да ілінді. Наурыз айында Трамп Шенген аумағындағы елдерден келетін жолаушылардың елге кіруін шектеді. Кейірінек ереже Ирландия, Ұлыбритания, Бразилиядан келетіндерге таралды.
АҚШ коронавирустың тарауы жөнінен әлемде бірінші орында тұр. Мұнда 24 миллионнан астам адам коронавирусқа шалдыққан. 400 мыңнан астамы қайтыс болған.