08 сәу, 2020 сағат 00:44

Трамп ДДСҰ-ның "қытайшыл саясатын" сынады

АҚШ президенті Дональд Трамп Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын (ДДСҰ) коронавирус әлемге тараған шақта көп күш-жігерін Қытайға жұмсады деп айыптады. Президент ол жайлы Twitter-дегі парақшасында да жазды.

Ақ үй жетекшісі мәселені қарауға уәде беріп, ұйымды негізінен АҚШ қаржыландыратынын атап өтті. Трамп сонымен бірге ДДСҰ-ны қаңтар айының соңында коронавирусқа байланысты Қытаймен әуе қатынасын тоқтату туралы шешіміне қарсы шыққаны үшін де кінәлаған. Президенттің айтуынша, бұл шешім көптеген америкалықтардың өмірін сақтап қалуға көмектескен. 

Ал АҚШ ақпарат құралдары Трамптың коронавируспен күрес саясатын сынға алған. Журналистердің жазуынша, мамандар вирустың таралуына байланысты қыс кезінде қатаң шара қолдануды сұраған, бірақ президент келіспеген. 

АҚШ-та соңғы дерек бойынша, коронавирус жұқтырғандар саны 381 мыңнан асқан. 12 мыңға жуық адам көз жұмды. Коронавирус көп табылған Нью-Йорк штатында 139 мың адамнан вирус табылған. Шамамен 5,5 мың адам көз жұмған.