06 ақп, 2019 сағат 16:07

Трамп АҚШ пен КХДР арасында екінші ядролық саммит өткізбек

АҚШ Президенті Дональд Трамп Сенат пен Конгресс палаталарының алдында сөз сөйлеп, Солтүстік Корея басшысымен екінші ядролық саммит өткізетінін мәлімдеді. ВВС басылымының жазуынша, 82 минутқа созылған сөзінде Дональд Трамп ақпанның 27-28 күндері Вьетнамда ҚХДР басшысы Ким Чен Ынмен жоғары деңгейдегі кездесу өткізетінін айтқан.

«Екінші саммитті өткізу туралы жоспар былтыр маусымда өткен тарихи кездесуден кейін құрыла бастаған болатын. Өткен жылдың жазынан бері  Солтүстік Корея атом немесе баллистикалық ракетеларды сынақтан өткізбеді. Дегенмен, олар әлі ядролық қару құру бағдарламасынан бас тартқан жоқ», - деді Дональд Трамп.

ВВС басылымының авторы Лора Бикердің айтуынша, екінші саммит кезінде Ким Чен Ын еш негізсіз, тағы уәде беріп құтылуы мүмкін. Дегенмен, Трамп әкімшілігі санкциялардан бас тартпайтынын, бірақ Солтүстік Кореяның экономикасына көмек берілуі мүмкін екенін атап өтті.

«Дональд Трамп Ким Чен Ыннан ауызша емес, қағаз жүзінде мәлімдеме алуы керек. Егер олай болмаса, онда бұл кездесулердің барлығы босқа уақыт өткізгенмен тең. Ал өзінің қару объектілерінің тізімін ашып айтпай отырған жабық мемлекетке көмек көрсету тіптен ойландыратын жағдай», - деп жазады автор.

Басылымның хабарлауынша, АҚШ-тың Солтүстік Кореядағы елшісі екінші саммит туралы келіссөздер жүргізу үшін Пхеньянға барған. «Былтыр өткен кездесу жақсы қабылданғанымен, нақты шешім болмағаны белгілі. Екі жақ та денуклеризацияны қолдайтынын айтқанымен, оның қалай жүзеге асырылатыны жұмбақ күйінде қалды», - деп жазыпты басылым.

Ал сарапшылар Дональд Трамптың Солтүстік Корея енді әлемге қауіп төндірмейтіні туралы пікіріне тоқталып, әйтсе де КХДР-дың ядролық бағдарламадан бас тартпағанын ұмытпау керектігін еске салады.

АҚШ Солтүстік Кореяның ядролық қару объектілерінің тізімін толық жариялауын сұрап отыр. Бұл тізім қолдарына тисе АҚШ объектілерді халықаралық ұйымдардың бақылауымен жоятынын да айтады. Дегенмен, Солтүстік Корея әлі де тізімді ұсынатын сыңай таныта қоймады.

Айта кету керек, БҰҰ Солтүстік Корея ядролық бағдарламасын жалғастырып, санкцияларды бұзғанын айтты. БҰҰ баяндамасында халықаралық қауымдастықтардың санкциялары да тиімсіз бола бастаған.