06 ақп, 2019 сағат 16:08

Трамп: АҚШ инновацияда басқалардан озады

АҚШ президенті Дональд Трамп конгресте сөйлеп тұр. Вашингтон, 5 ақпан 2019 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп 5 ақпанда конгресте жасаған жолдауында АҚШ инновация жағынан өзге елдердің барлығын басып озады деп мәлімдеді. Ол бұл туралы Ресеймен жасасқан қару-жараққа бақылау келісімінен шығу туралы шешіміне байланысты сөзінде айтты.

Бұған дейін Ақ үй АҚШ 2 ақпаннан бастап орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы 1987 жылы СССР-мен жасалған келісімнен шығу процесін бастайды деп мәлімдеген. Мәскеу бұған жауабында Ресейдің де ол келісімнен шығатынын айтқан.

АҚШ Ресейді 2014 жылы аталған келісімді бұзды деп айыптаған. Ресей ол айыптауды бірнеше рет жоққа шығарған. Әлемдегі ең жойқын қару-жарақтың үлкен қорына ие қос мемлекеттің бұл мәлімдемелері екеуінің өзара қарулану бәсекесіне ұласып кетпей ме деген алаңдаушылыққа себеп болып отыр.

Трамп жолдауында АҚШ-тың зымыранға қарсы қазіргі заманғы ең озық қорғаныс жүйесін әзірлеп жатқанын мәлімдеді.

"Біз келісімді бұлжытпай орындап отырған кезде Ресей оны бірнеше рет бұзды. Бірнеше жыл бойы солай болып келді" деді ол. "Бәлкім Қытай мен өзге елдерді қосып басқа келісім жасау жөнінде келіссөз өткізетін шығармыз, егер олай болмаса біз жұмсайтын шығыс пен инновация жағынан барлығынан озамыз" деді Трамп.

Қанатты және баллистикалық зымырандарға тыйым салатын келісім қару-жарақты бақылау саласындағы негізгі құжат саналады.