Карл Маркс, Фридрих Энгельс, Владимир Ленин, Мао Цзэдун, Чжоу Эньлай және Дэн Сяопин портреттері. Көрнекі сурет.
АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Қытай коммунистік партиясының барлық мүшесіне және олардың отбасына АҚШ-қа кіруге тыйым салуды қарастырып отыр. Бұл туралы New York Times басылымы және Reuters агенттігі хабарлады өзінің дереккөзіне сілтей отырып. Егер тыйым салу туралы заң қабылданса, Қытайдың кемі 150 миллион тұрғыны АҚШ-қа бара алмайды.
Reuters агенттігінің аноним дереккөзі АҚШ-тағы жоғары лауазымды шенеуніктердің президенттік жарлық жобасын әзірлеп жатқанын, ол жобаның Трамптың өзіне әлі көрсетілмегенін айтқан. Дереккөз құжаттың әлі бастапқы кезеңінде екенін хабарлаған. Егер Қытай коммунистерін АҚШ визасын алу мүмкіндігінен айыратын заң қабылданатын болса, бұл Вашингтонның Пекинге қарсы ең қатаң шарасы болуы мүмкін.
2018 жылдың басында АҚШ пен Қытай арасында сауда соғысы басталды. Ол кезде Трамп бірқатар Қытай тауарына баж салығын көбейтті. Вашингтон Пекиннің америкалық өндірушілерге нұқсан келтіріп жатқанын мәлімдеген. Одан кейін АҚШ Қытайда технологияны ұрлады деп айыптады. Қытай билігі балама жауап қайтарды. Тараптар шиеленістің реттелгенін айтты, бірақ нақты келісімнің жасалуына коронавирус пандемиясы кедергі келтірді.
Ақ үй Қытайды эпидемияның алғашқы кезеңі туралы ақпаратты жасырып отыр деп күдіктенеді. Вашингтон сондай-ақ Пекинді Гонконг тұрғындарының құқықтары мен бостандықтарына қарсы саясат жүргізіп отыр деп айыптайды.
Қытай коммунистік партиясы - мүше саны бойынша әлемдегі ең ірі партия. Партияның 92 миллион мүшесі бар. Оның жарлығында партияның марксизм-ленинизм идеологиясына, Мао Цзэдунның, Дэн Сяопиннің және Си Цзиньпиннің қытайлық ерекшелігі бар социализм туралы идеяларына сүйенетіні жазылған.
Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Хуа Чуньин Ақ үйдің жүзеге асуы мүмкін жоспары рас болып шықса, АҚШ-тың мұндай қадамы "аянышты" болар еді деді. АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео және Ақ үй баспасөз хатшысы тыйым салу туралы заңның бар-жоғы туралы ешнәрсе айтпады.