25 мау, 2020 сағат 10:05

Төтенше жағдай кезінде 5,6 млн адам мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек алды

Төтенше жағдай кезінде 5,6 миллионнан астам адам мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек алды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қысқа мерзімде, бірнеше күннің ішінде, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысын жоғалтқан адамдарға ең төменгі жалақы мөлшерінде мүлдем жаңа төлем - 42 500 теңге енгізілді. Бұл төлем бұған дейін жұмыс істеп келіп, мәжбүрлі түрде жұмыссыз қалған азаматтарға арналған. Әлеуметтік төлемге 8 миллион азамат өтініш беріп, критерийлерге сәйкес келетін 4,6 миллион адамға барлығы 321,9 млрд теңгеге көмек тағайындалды», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн режимде өткен халыққа есеп беру кездесуі барысында. 

Оның айтуынша, ТЖ режимін енгізу әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызмет көрсету сапасына кері әсер етпеуі үшін 24 қызмет жедел түрде egov.kz порталындағы «Электрондық өтініштер» сервисіне орналастырылды. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылу салдарынан төлем жасау процесін жеделдету мақсатында жұмыссыз мәртебесін беру мерзімі 14-тен күннен 3 жұмыс күніне дейін қысқарды. 

«ТЖ кезінде 108,9 мың отбасына атаулы әлеуметтік көмек автоматты түрде тағайындалды. Сондай-ақ, осы кезеңде мүгедектік және мүгедектік бойынша төлемдер автоматты түрде 3 айға ұзартылды», - деді Біржан Нұрымбетов. 

Сонымен қатар министр мұқтаж азаматтарға арналған азық-түлік жиынтығының ең төменгі құрамы бекітіліп, оны берудің арнайы тәртібі жасалғанын айтты. Біржан Нұрымбетовтің дерегінше, төтенше жағдай кезінде 1 миллион 45 мың азамат, оның ішінде АӘК алушылар қатарынан 6 жастан 18 жасқа дейінгі 202,7 мың бала; 109,6 мың тіркелген жұмыссыз; 648 мың мүгедек бала, I, II және III топтағы мүгедектер; мүгедек баланы тәрбиелеп отырған 84,9 мың адам азық-түлік жиынтығымен қамтамасыз етілді.