08 қар, 2024 сағат 15:56

Төрт баланың анасы 16 жыл үзілістен кейін екі-ақ апта жаттығып әлем чемпионатында "күміс" алды

Фото: instagram.com/nurgazina_kelbet

2008 жылы Бейжің Олимпиадасына қатысқан қазақ дзюдошысы Келбет Нұрғазина 16 жыл үзілістен соң Лас-Вегаста (АҚШ) ардагерлер арасында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Халықаралық дзюдо федерациясының сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Келбет Нұрғазина 52 кг салмақта белдесіп, күміс медаль еншілеген.

"Спорттағы 16 жылдық үзілістен кейін, тұрмысқа шығып, 4 баланы өмірге әкеліп, 8 жыл мемлекеттік қызметте болғаныма қарамастан 2 апта бойы жаттығу жасап әлем чемпионатында күміс жүлдегер атандым. Ардагерлер арасында болса да бұл лайық жеңіс деп санаймын", - деп жазды Келбет Нұрғазина Instagram-дағы парақшаcында.


Айта кетейік, Келбет Нұрғазина – дзюдодан 2006 жылғы жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері, самбодан жасөспірімдер мен жастар арасында әлем чемпионы, ересектер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Ол 2004-2008 жылдар арасында дзюдодан ұлттық құрама сапында 48 кг салмақта өнер көрсеткен. Спортшы Бейжің Олимпиадасында 9-орын алған болатын.