Қазақ ғалымы, нутрициолог, ҚР ҰҒА және РМҒА академигі, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов коронавирустан сақтану жолдарын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Коронавирустың үшінші толқыны бастау алды, сақтық шараларын толыққанды ұстанбасақ, зардабы ауыр болары сөзсіз. Қазағымның «сақ жүрсең, сау жүресің» деуі қазір өзекті болып отыр. Індетпен күресудің нәтижелі болуы үшін ең әуелі адамға сабыр, төзім керек. Өйткені, дәл осы кеселдің психологиялық салдары – өте ауыр. Біз – небір жаугершілік заманды, ашаршылық нәубетін, түрлі ауыртпалық көрген және оны жеңген рухы берік халықпыз. Мұны да жеңеміз! Иммунитетті көтеру, ауруға ағзаның қарсы тұру қабілетін арттыруға қазақтың ұлттық тағамдарының пайдасы ерекше. Ас мәзірінде балық, жеміс-жидек секілді дәрумендерге бай тағамдар болуы қажет. Ең құдіреттісі - жылқы еті мен қымыз. Ет тағамдарын молырақ тұтыну керек» деп жазды Төрегелді Шарманов Facebookпарақшасында.
Оның айтуынша, «жақыныңды қаншалықты жақсы көрсең, соншалықты одан алшақ болған жөн».
«Мұны естіген адам қарама-қайшы ойда болуы мүмкін. Бұл - бүгінгінің ұстанымы. Бір-бірімізге қамқорлық танытайық! Төңірегіміздегі адамдардың аман-саулығына жауапкершілікпен қарайық» деп түйіндеді сөзін академик.