17 ақп, 2022 сағат 14:24

"Толықтай түсінбедік". Қазақстанда жасырын майнингті табуға не кедергі?


Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов майнерлер Қытайда өндіріске тыйым салынғаннан кейін Қазақстанға көшкенін айтып, Энергетика министрлігі олар қай жерде орналасқанын нақты түсіне алмай отырғанын мойындады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Қытай тыйым салды - майнерлер осында көшті. Ол нақты қай жерде орналасқанын да толықтай түсінбедік. Бүкіл мәселе осында. Бұл мәселені зерттеу керек. Сондықтан ведомствоаралық топ жұмыс істеп жатыр. Бұл қысқа уақыт ішінде тұтыну жағынан үлкен қарқын алған жоғары табысты қызмет болса керек. Ал энергетика саласында бірдеңе салу үшін жылдар қажет, біз жүктемені жоспарлауымыз керек. Майнинг жұмыстары, әсіресе жасырын майнинг жүктемесі жоспарланбаған және болжанбаған", - деді Нұрмағанбетов Сенат отырысынан кейін журналистер сұрағына жауап беріп.

Ол Энергетикалық бақылау комитеті жасырын майнинг қызметін іздеп жатқанын түсіндірді.

"Олар анықтау үшін бүкіл қаланы аралай алмайды. Біз энергия тасымалдаушы компанияларға жүгінеміз. Бірақ олар ақпарат бермейді. Бұл жерде түсіну керек мәселе бар: не олардың өзі де білмейді, не бұл ақпарат жасырылып отыр. Анықтау керек.

Іздеп жатырмыз. Бірақ өз құзыретіміз шегінде жұмыс істеп жатырмыз. Мұнда да бәрі реттеледі", - деп түсіндірді ол.

Оның айтуынша, майнерлердің электр энергиясын тұтыну мөлшері биткоин бағасына байланысты.

"Баға төмендесе, өндіріс азаяды. Біздің болжам бойынша, тіркелген майнинг фермаларының қуаттылығы 700 мегаватт шегінде. Жасырын өндіру 1000 мегаватт шығынға жетуі мүмкін. Бірақ бұл көрсеткіш төменге де, жоғарыға да өзгеруі мүмкін", - деді вице-министр. 

Кембридж альтернатив қаржы орталығының мәліметінше, 2021 жылдың тамызында Қазақстан биткоин өндіруде электр энергиясын тұтыну индексі бойынша әлемде екінші орынға шыққан.