Толық емес көпбалалы отбасыларға үйден жұмыс істеуге мүмкіншілік жасау қажет. Бұл туралы бүгін "Нұр Отан" партиясының кезекті XVIII съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Толық емес көпбалалы отбасыларға үйден жұмыс істеуге мүмкіншілік жасау қажет. Ал ауылдағы көпбалалы отбасыларға жекелеген гранттар, квоталар және шағын несиелер бөлу қажет. Осы бағытта жұмыс істеу керек. Үкімет пен әкімдер бұл қызметті "Нұр Отан" және "Атамекенмен" бірге жүзеге асыруы тиіс", - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы барлық әкімдер мұқтаж отбасыларға көмек көрсетудің өңірлік бағдарламасын партиялық "Бақытты отбасы" жобасына сәйкес қайта қарастыру керектігін ескертті.
"Ол еліміздегі отбасы институтын жүйелі қолдауға бағытталған", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен "Нұр Отан" партиясының кезекті XVIII съезі өтіп жатыр.
Съезд «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Онда бірнеше мәселені қарастыру көзделген.
Ең алдымен «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы туралы мәселе қозғалады. Одан кейін партияның Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар қарастырылып, партия Саяси кеңесінің жəне Орталық бақылау-тексеру комиссиясының есепті кезең бойынша жұмысының қорытындылары шығарылады. Сонымен қатар партия Саяси кеңесінің жəне Орталық бақылау-тексеру комиссиясының мүшелері сайланатын болады.
Съезд жұмысына 2 мыңға жуық адам қатысуда. Олардың 1200-і - еліміздің барлық өңірлерінен келген делегаттар, ал қалған 800-ге жуығы - қонақтар.