22 қар, 2016 сағат 09:46

Толассыз жауған қар ырыс па, әлде сынақ па?

Бұл – көптің қолдауымен бітетін іс


Биыл алып шаһарға қалың қар мезгілінен ерте және молынан түсіп отыр. Жалпы, халық ырысқа балайтын, Жер-ананың тамырын толтырып, ылғалға айналатын қардың мезгілінен бұрын түсуі қалалық қызмет­терге сынақ болып тұр. Таби­ғаттың «тосын сыйынан» бірнеше күн бұрын «қар тазалауға 1,6 мың жұмысшы, 763 арнайы техника, 75 мың тонна түрлі қоспа дайын» деп баяндаған қалалық тазалау қызметтері алғашқы қардан-ақ өз міндеттеріне кіріскен. Бірақ, бірнеше тәулікте екі айлық нормада жауған қар оңайлықпен бой  берер емес.

Соңғы ақпараттар бойынша, Алматыға қалыңдығы 60 см. қар түскен. Бұл қалыпты нормадан 3 есе көп. Көше тазалау қызметтері алғашқы қардан-ақ өз міндеттеріне кіріскен. Алматы әкім­дігі қаланы қардан толық тазалап шығуға уәде беріп отыр. Ақпарат көздері дүйсенбіге дейін қаладан 53 мың шаршы метр қар шығарылып,  демалыс күндері қалалық қызметтерге көмекке 10 мың алматылық шықты деп хабар­лады. Әдетте, қалыпты жағдайда қар тазалау жұмыстарына қалалық қыз­меттердің 1600-1700 жұмысшысы шыға­тын болса, соңғы тәуліктерде жауған «табиғат сыйымен» күресуге  4500 адам,  800 арнайы техника жұмыл­дырылды. Қалалық коммуналдық қызметтерге Алматыдағы әскери оқу орындарының курсанттары көмекке келгенін айта кету керек.

Нұрлан СҮЙІН

Толассыз жауған қалың қар­дан қаланы тазалауға шыққан коммуналдық қызметтің 15 мекемесінің жұмысы бірнеше есеге артып отыр. Осы жерде, негі­зінен, олардың міндеттеріне ша­һардың көлік жолдарын тазалау кіретінін ескерсек, қаладағы көлік қозға­лысы үшін қалың қар «үлкен кедергі» бол­мағанын да айта кету керек. Бұл тұрғыдан қалалық қыз­меттер «өз міндеттерін» атқаруға үлгеріп жатты. Қалалық Автомо­биль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасы мен «Green bus» ЖШС барлық бағыттағы автобус, троллейбустар кестеге сай жұ­мысқа шықты деп баяндап отыр.

Ал жаяу жүргіншілерге ар­нал­ған көшелер (тротуар) мен ау­лалардағы қарды тазалауға бірін­ші кезекте ПИК-тер мен орталық көшелердегі меке­мелер жауапты. Бірақ, қала көшелерін­дегі қалың қардың онша «мұрты бұзылмай», жаяу жүргіншілер көп көшеде «толарсақтан қар кешіп» жүрген жайы бар.

Ресми ақпарат бойынша, 16 – 20 қараша күндері қалаға қалың­дығы 57 см. қар түсіп, оны таза­лауға білім беру, денсаулық сақтау нысандары мен ПИК-тер бо­йынша 9151 жұмысшы шы­ғыпты. Қаладан 53,25 мың шаршы метр қар шығарылды. Ресми дерек көздері осылай дейді. Әйтсе де…

idi_4868

«Масылдық санадан» қашан құтыламыз?

«Алматыда 3 күн толассыз қар жауатыны жайында ақпарат алдын-ала таратылды. Қалалық­тар да тоқтаусыз қардан соң қала көшелері қандай болатынын біледі. Алдын-ала ақпарат қамсыз қалмауға шақырған ескерту іспетті еді. «Алматы ақшамы» да бұл жөнінде 17 қарашадағы нөмі­рінде (№136) жазған болатын. Қалалық қызметтер де қар маусы­мына дайын екендігін (1600 жұ­мысшы, 763  арнайы техника, 75 мың тонна түрлі қоспа) баян­даған.

Десек те, табиғаттың төрт күн­дік «тосын сыйына» комму­налдық қызметтер дайын болса да, алматылықтардың «бейқам тұр­мысы» дайын болмай шықты. Жағдай қар астындағы аулалар мен көшелерден, «маусымдық дөң­гелегі» ауыспаған жеке көлік­терден, т.б. көрініп қалды. Бүгінгі Алматының көрінісі – қары таза­ланбаған аулалар, «бір аяқ» жол түскен қала көшелері, жол жие­гіндегі үйінді қарға «тұмсығын тыққан» жеке көліктер, жол бо­йында қалдырылып, қар жамыл­ған мәшинелер, т.б. Осының бәрі біздің қамсыздығымыздың, «Үкі­мет істеуі керек» деген масылдық психологиямыз­дың айқын көрі­нісі. Неге бұлай болды? Рас, қала тазалығына жауапты қыз­меттер, аула тазалығына жауапты ПИК-тер бар. Сонда да Алматы «ортақ үйіміз» емес пе? Оның ортақ аула­лары, ортақ көшелері, ортақ сая­бақтары мен демалыс орындары біз үшін қажет емес пе?

Ендеше, «ортақ үйімізді» таза ұстауға келгенде біздің азаматтық, патриоттық позициямыз қайда? Жалпы, біз «қайда кетіп барамыз?» Үш-төрт күн үздіксіз қар жауған­дағы «есігімізді жауып» алған жағ­дайымыз мынау, есігіміздің алдындағы, жеке ауладағы қарды «тазалап», көшеге, көлік жолына тастаймыз, содан соң сол көшеге, ортақ жолға өзіміз шығамыз. Одан қалды, қалаға шығу қажеттілігіміз болмаса, жағдайды жылы пәтердің терезесінен бақы­лаймыз. Сыртқа шығуға ерінсек, қоқыс толы «пакеттерді» көп қабат­ты үйлердің терезесінен лақтыра саламыз. Оны көріп тұрған көршілер «бәлесінен аулақ» деп, тағы да үндемейміз. Неге?

idi_4940

Редакцияға толассыз жауған қардан кейінгі қаладағы жағдай жайында телефон қоңыраулары көптеп келіп жатыр. Дені көшедегі қолай­сыздықтар жөнінде: «Ана көше­мен жүру мүмкін емес», «Біздің аула тазаланбай жатыр», «Әкімдік не істеп отыр?», т.б. Ара­сында ұсы­­ныс, ортақ ой айтқан қоңы­раулар да бар. Мысалы, «Осын­дайда неге сенбілік ұйым­дастыр­маймыз», «Аула қарын көшеге төккендерге шара қолдану керек», «Қалалық қызметтерге, оған кө­мекке келген курсанттарға рах­мет», «Қар тазалауға кедергі кел­тіріп, көше бойында тұрған көлік­терді «сүйреп» тастау керек» деген сияқты.

Жалпы, алматылықтардың көз­қарас, пікірлері әр алуан, сан қилы. Десе де барлығымыз бір нәрсені ескерсек. Біз әркімге бұйыра бермейтін бақыт – ең кере­мет қала – Алматының тұрғында­рымыз. Алматы – біздің ортақ үйіміз. Сол үйімізді аялай білсек, табиғаттың «тосын мінезінен» қор­ғап, қадіріне жетсек. Қала­мызға деген қамқорлықта бірге болсақ, қанеки!

Керек дерек

16 – 20 қарашада Алматыға 57 см. қар жауды.

Тау бөктерінде қардың қалыңдығы 70 см.-ден асты.

Жексенбі күні қар тазалауға 4500 жұмысшы, 800 арнаулы техника шықты.

Алматыны қалың қардан тазалауға қала қызметіне көмекке әскери оқу орындарының курсанттары келді.

Алматыда білім беру, денсаулық сақтау, ПИК нысандарында қар тазалауға 9151 жұмысшы жұмылдырылды.

Қаланың ең жас Наурызбай ауданының әкімдігі мемлекеттік қызметкерлерді «бір кісідей» қар тазалауға шығуға шақырды.

Алматыға қалыпты нормадан 3 есе көп қар түсті.

 

ҚОЛЫМЫЗҒА   КҮРЕК ПЕН  ҚАЙЛАМЫЗДЫ АЛЫП, АСАР ЖАСАЙЫҚ

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Асар салу, жұмыла қолұшын беру  қа­ны­мызда бар қасиеттердің бірі емес пе? Бұл жолғы қарашада жауған қар біздің сол қасиеттерімізбен қоса, өзіміз нанын жеп, суын ішіп, өркен жайып өсіп отыр­ған туған қаламызға деген махаб­баты­мызды, оған деген шынайы қамқор­лы­ғымызды да сынға салып тұрған секілді.

Сенбілікке жаз бен күзде ғана емес, осындай табиғат тылсым мінез танытқан тұста да  шығу керектігін табиғат-ана бізге ескертіп тұрғандай.  Қар  көп  жауса,  қарт­та­рымыздың  «берекенің басы, молшы­лықтың көзі, келер жылы шөп шүйгін, егін бітік шығатын болды, бұл құдай­дың өзі тегін беріп жатқан су көзі, ылғалы ғой» деп қуа­нып жататыны бар. Ал­матыдағы жауған қар­­ды естіген  жеріне қар түспеген егінді ай­мақта тұратын диқан­дар осы қар Алма­тыға емес, біздің аймаққа жауса ғой деп  ті­леп жатса, біз, алматылық­тар, қардан шошып, тазалап таста деп бай­балам салып жатырмыз. Қардың  қала тіршілігіне керы ықпалы барын жоққа шы­ғармаймыз, бірақ,  осындай сын шақта қо­лымызға кетпен-күрегімізді алып, қарба­ласқа түсіп жатқан қаламызға неге қолға­быс етпеске, ағайын?  Әр мекеме, ұйым, кәсіпорын басшылары өз­дері бас болып, қол­дарына қар тазалай­тын күрек­терін алып, қар тазалауға шықса, қанеки.

 

ӘР АУЛАДА ИНЕССА  СИЯҚТЫ ЖАНАШЫР ЖАНДАР КӨП БОЛСА

Көп қабатты тұрғын үй аулалары туралы айтсақ, ПИК-терге қатысты іші­мізде жүрген біраз «запыранымыз» ақта­рыла кетер еді. Бірақ, осынша «запыран­ның» жиналуына біз өзіміз кінәлі екенбіз, оны өз басым көршім Инес­са­ның ПИК қызмет­керлеріне қоятын та­лап­тары арқылы көз жеткізе бастадым.

Ол подъезде жарық жан­бай қалса да ПИК басшыларына хабарла­сып, күйіп кеткен жарық көздерін ауыс­тырып беруді, подъездердің уақтылы жи­налып, жуылып тұруын талап етіп оты­рады.  Өткен жылдан бері подъезіміз­дегі таза­лық  мәселесі де өз шешімін тапқандай.  «Пәтерақысын төлеп отырғандықтан, сол төлемге байланысты қызмет түрлерін де талап етуіміз керек», – дейді Инесса. Солай болуы керек екенін бәріміз білеміз, бірақ, біз  «сен тимесең, мен тимен», « айтсаң да тыңдайтын ешкім жоқ» дегенге әбден сүйе­ніп алғанбыз. Пәтеріміз таза болса болды, подъездің тазалығында, ауланың тазалы­ғында шаруамыз жоқ. Бала ойнайтын жер­де ит қыдырып жүрсе де үндемейміз.  Сол ауладағы жолмен подъезд арқылы пәте­рімізге кіретінімізді ескере бермейміз.  Ауламыз таза болса, шаңырағы­мыз­дың да ауасы таза, денсаулығымыз мық­ты болмай ма, ауруды адам сырттан  аяғымен басып үйге әкеледі емес пе? Неге осыны ескер­мейміз?  Әр аулада Инесса сияқты жан­ашыр жандар болса, ауламыз сәнді, подъ­езіміз таза болары сөзсіз. Бірақ, көпқа­батты тұрғын үйде тұратындардың барлығы Инесса секілді «бұл үйде мен тұрамын, менің отбасым тұрады» деп ойлай бермейді ғой.. Кейбір тұрғындар,  тіпті, сыртқа шы­ғуға ерінсе,  үйлерінен шығарған қоқысын сіздің есігіңіздің алдына, болмаса, лифтінің жанына, шыға беріс жерге тастап кете ба­рады. Ондай көріністерді кешелі бері   же­ке­меншік үй тұрғындарының   ауласы­нан шығарған  қарларын    үйлерінің іргесі­нен өтетін көлік жолдарына лақтырып жатқан­дарынан да байқауға болады. Көлік жүре­тін көшеге  қар тастап жатқан тұрғын­дар  ертең сол көшемен өзі, бала-шағасы­ның жүретіндігін ойламайтын­ды­ғына  ерік­сіз   қайран  қаласыз. Ал әкесінің бұл қы­лы­ғын көрген үйдегі балаларға  өзің тұрып жатқан қалаңа қайырымды бол дегенді қалай айтуға болады.? «Тәрбие мен Отанды сүю отбасынан басталады» десек,  әркімнің туған қаласына, тұрып жатқан жеріне деген сүйіспеншілігі  тәрбиенің тал бесігі  – ұш­қан ұясынан басталары анық. Қар тазалау­дан басталған әңгімеміздің арнасын тәр­биеге қарай бұрып кеткеніміз үшін оқыр­ман­дардан кешірім сұраймыз, бірақ, қарашада жауған қар бізге көп жағдайдың тәмсілін ұқтырып, тұрған жеріңе деген жан­ашырлығыңды бір байқайын деп тұрғандай. Осындайда кетпен, күрек іздегің келіп кететінің даусыз. Айтпақшы, үйіңізде қар күрейтін ағаш күрек бар ма?

Батырхан, Наурызбай ауданының тұрғыны:

Ауласындағы қарды жолға шығарғандарға да айыппұл салу керек

– Өткен аптаның аяғында Алматыға қалың қар жауды. Қаланың ішіндегі жолдың бойы сірескен қарға толды. Әсіресе, Алматының шет жағында тұратын жеке сектор тұрғындары ауладағы қарларын жолдың бойына шығарып, көліктердің де, жаяу жүргіншілердің де жүруіне кедергі келтіріп отыр. Коммуналдық шаруашылық мекемелері сол қарды тазалауға көмек берсе екен дейміз. Ертең қар ерісе, көше балшыққа айналайын деп тұр. Ол кезде жүру тіптен қиындап кетеді. Балалар мектепке бара алмай, қиындыққа тап болады. Қыста қарға батып, көктемде балшыққа батып, машиналар жүре алмайды. Жолды тазалауға көмек сұраймыз. Жергілікті әкімдік бұған немқұрайлы қарамай, дер кезінде шара қолданса екен. Аудан әкімдері құзырлы орган басшыларымен бірге рейдке шығып, ауласындағы қарын жолға тастаған тұрғындарға әкімшілік айыппұл салып, бұл мәселенің шешілуіне атсалысса екен дейміз. Өйткені, бұл тек бір көшеде ғана емес, барлық көшелерде осындай мәселе туындап отыр. Әшейінде, әкімдік қар жинау жұмыстарына мән бермеген кәсіпкерлерге айыппұл салып жатады. Тиісті учаскелерін қардан тазаламағаны үшін дүкендер, дәмханалар, сауда орындарын әкімшілік жазаға тартады. Сол секілді ауласындағы қарды жолға тастаған тұрғындарға да неге айыппұл салмасқа?.. Сонда бірнеше мәселе өздігінен шешілер еді…

 

Тақырыпқа орай

ҮЙІҢІЗДЕ КҮРЕК БАР МА?

(Біз осы сауалды  бірнеше қала тұрғынына қойған едік)

Талғат БАЙЖОМАРТОВ, жеке кәсіпкер:

ҚАЛАҒА КЕЛГЕЛІ ҚОЛЫМА КҮРЕК ҰСТАП КӨРМЕППІН

Алтыншы ықшамауданда көпқабатты үйде тұрамын. Қар тазалаудың, есік алдын сыпырудың қажеттілігі жоқ болғандықтан, үйімізде күрек, тобылғы сыпыртқы да жоқ. Қалаға келгеніме жиырма бір жыл болып­ты, анда-санда  жұмыс бабымен сенбілікке қатысқаным бомаса, қолыма күрек ұстаған емеспін. Қалада тұратын­дарға күрек пен сы­пыр­тқының қажеттілігі жоқ деп ойлай­мын. Аула сыпырушымыз бар емес пе?

Марат ЖАТЫҚБАЕВ, «Қалқаман»  ықшамауданының тұрғыны:

ЖЕКЕМЕНШІК ҮЙДЕ ТҰРАТЫНДАРДЫҢ БЕС ҚАРУЫ сай БОЛУЫ КЕРЕК

Биыл Алматыға қар ерекше жауды ғой. Біз қашанда табиғаттың тылсым мінезіне дайын болуымыз керек деп ойлаймын.  Сен­бі күні көршім сыпыртқы, ағаш күрек сұрап келіпті. Оны өзім пайдаланып жат­қан­дықтан, дер кезінде бере алмадым. Ал оған дейін әлгі көршімнің бала-шағасы есік алдын басып қалған қарды омбылап сыртқа шығып жатты. Меніңше, жекемен­шік үйлерде тұратын тұрғындардың  ғана емес,  қаладағы биік үйлерде тұратындардың да үйінде  тек күрек қана емес, тіршілікке қа­жетті «бес қаруы» түгел болуы керек деп ой­лаймын. Өткен жылы Наурызбай ауда­нын­да су тасқыны болғанда  жеке үйлерде тұ­ратын тұрғындардың үйінде күрек, кет­пен секілді қажетті құрал-сайман­дар­дың бол­мағанын білеміз. Керек тастың ауырт­па­лығы жоқ. Міне, қалың қар жауды. Үйін­де күрегі бар жұрт көшеге шығып, қала шаруашылығына жәрдем беруі тиіс. Біздің Наурызбай ауданының әкімдігі  бастама көтеріп, әр тұрғын өз үйінің маңымен қоса, көшелерді, әр мекеме өз ғимаратының төңірегін қардан тазалауға кірісіп жатыр. Жақсы  бастама ғой.

 

МҰНЫ БІЛГЕН ЖӨН

Қар суы қартаю құбылысын тежейді

Қармен бірге қалаға тыныштық келеді екен. Өйткені, жаңа жауған қар дыбыс­тарды тұншықтырып, адамдардың қалада­ғы көлік шуы мен көпшіліктің у-шуынан демалуына  көмектесетін көрінеді.

Қыстыкүнгі аяз теңіз ауасы секілді кең тыныстауға  мүмкіндік береді.

Қар микробтар мен вирустарды ауаның төменгі қабатына түсірсе, ал аяз оларды жоюға көмектеседі.

Жаз мезгіліне қарағанда, қыста оттегі мөлшері 30 пайыз көп болады.

Қардың ақ түсінің жүйке жүйесін тыныштандырып, ағзаны токсиндерден тазартып, тіпті, мидың құрылыс  қабатын қалпына келтіретін қасиеті де бар көрінеді.

Қардың еріген суының  бетті нәрлен­ді­ретін  қасиеті де бар. Алғаш жауған қардың суымен бетіңізді жусаңыз, бетіңіз нәрленіп шыға келеді дейді косметолог мамандар. Қардың құрылысы цитоплазма мен ядроға ұқсас болғандықтан,  қар суы­ның қартаю құбылысын   біраз уақыт тежейтін  де қа­сиеті бар көрінеді. 

Ал қар суымен шаш жусаңыз, ша­шыңыз нәрленіп, сусылдап, жалтылдағыш қасиетке ие болады


Керек дерек

Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті қалың жауған қардан қаламыздың Жетісу ауданы аумағында орналасқан «Байсат» базарында сауда контейнерлері аралығындағы металл жабынды шатырдың 720 шаршы метр аумағы опырылып түскенін мәлім етті.

Алматы әуежайында ауа райының  қолайсыздығынан

19 рейс кешіктірілген.

Алматыда 75 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның 17-сінде азаматтар дене жарақатын алған.

"Алматы ақшамы" газеті