Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков XXXII жазғы Олимпиада ойындарына баратын қазақстандық спортшылардың эпидемиологиялық қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Комитеттің бас хатшысынан БАҚ өкілдері Токиодан нақты қанша медаль күтуге болатынын сұраған болатын.
«Бүкіл әлем қазір пандемия жағдайында тұр. Біз қазір спортшылардың бәрін оқшаулап жатырмыз. Бәрі 14 күндік карантинге алынады. Өйткені Олимпиаданың ашылу салтанатына 20 күн ғана қалды. Біздің қазіргі міндетіміз спортшыларымыз ұтып алған лицензиялардың саны бойынша түгел Токиоға жеткізу. Тоғиоға барған соң да олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Осыдан кейін ғана болжам айтуға болады. Спорттың аты – спорт. Қазір ешбір спорт түрінен 100 пайыз сенімді болжамды кесіп айта алмайсың. Тағы бір маңызды дүние, команда Токиоға жеткен кезде ғана спортшылардың күйі қандай екенін көре аламыз», - деді Андрей Крюков.
Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Токиодан журналистерге контент ұсыну мәселесі әлі толық айқындалмағанын да атап өтті. Өйткені Халықаралық Олимпиада комитеті мен Жапония тарапы шетелдік журналистердің келуін қатты шектеп отыр.
«Журналистермен де сол кезде тығыз жұмыс істейміз. Біз арнайы бағдарлама дайындап қойдық. Халықаралық Олимпиада комитеті де, Токио билігі де журналистердің спортшылармен араласуын қатты шектегенін білесіздер. Бұрын баспасөз орталығын ұйымдастырып, спортшылармен көзбе-көз байланыса алсақ, қазір бұл мүмкін емес. Журналистермен жұмыс қалай жүретінін қазір ашып айта алмаймыз. Контентті қалай алатынымызды да айта алмаймыз», - дейді комитет өкілі.
Осының бәрін ескерген Ұлттық Олимпиада комитеті Токиодан таратылатын контентті барлық БАҚ өкілдерін olympic.kz порталы арқылы ұсынуды жоспарлап отыр.
«Оlympic.kz порталы арқылы бүкіл контент журналистер үшін қолжетімді болады. Мұндай бірінші рет болғалы отыр. Өйткені спортшыларға қол жеткізу мүмкін болмайын деп тұр. Құрғақ жаңалық көшіріп тарату мен споршыны тікелей әңгімеге тарту арқылы контент тарату екі бөлек дүние екенін түсінеміз», - деді Андрей Крюков.