Қазақстан атынан Тоқкиодағы Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылар жыл басынан бері кемінде 14 реттен допинг-тест тапсырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков айтты.
«Допинг мәселесі өте өзекті. Әлем бойынша бүгінде кең ауқымда күрес жүріп жатыр. Тіпті пандемия кезінде де спортшыларды тестілеу процесі тоқтаған жоқ. Біздің ұлттық допингке қарсы орталығымыздың мамандары да, халықаралық федерациялардың допинг офицерлері де арнайы шығып, тестілеу өткізіп отырды. Біз де допингке төзім болмайтынын мәлімдеп жүрміз. Допинг туралы жаңа заң допинг режимін бұзушыларды елеулі шараларға тап келтіреді. Допингпен байланысты кез келген заң бұзу әрекеті қатаң жазаланатынын айту керек», -деді комитеттің бас хатшысы.
Оның айтуынша, қазақстандық спортшылар жыл басынан бері халықаралық допинг-офицерлердің жіті назарында болған.
«Атлеттердің әрқайсысында жеке тестілеу жоспары бар. Тестілеу ашық болуы үшін, түрлі айла-шарғыларды болдырмау үшін тексеруді екі ұйым ғана жасайды. ITA халықаралық ұйымы мен өзіміздің Ұлттық допингке қарсы орталық жүргізеді. Халықаралық ұйым жеті айдың ішінде спортшыларды 10-12 реттен тексерді. Яғни, бұл міндетті процедура. Одан жалтаруға болмайды. Спортшылар өздерінің орналасқан жерін айтып отыруы керек, тестілеу аяқ астынан, ешбір ескертусіз жүргізіледі. Сондықтан қандай да бір әрекет жасау қиын. Өзіміздің допингке қарсы орталықтың мамандары әр спортшыны 2-4 ретке дейін тестілеуден өткізді. Біз өз тарапымыздан барлық алдын алу және бақылау шараларын атқарып отырмыз», - деді Андрей Крюков.