02 шіл, 2021 сағат 12:16

Токиода Қазақстан туын кім көтеріп шығады?


Жеңіл атлетикадан Лондон Олимпиадасының чемпионы, жазғы Олимпиаданың жүлделер жиынтығының толық иегері Ольга Рыпакова және бокстан ұлттық құраманың капитаны, әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев Токиода Қазақстан Олимпиада құрамасының Ту ұстаушылары ретінде таңдалды. Бұл туралы бүгін Ұлттық Олимпиада комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ту ұстаушыларды Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің Атлеттер комиссиясы ұсынған.

«Тарихи Токио Олимпиадасының басталуына бір айдан аз уақыт қалды. Сағына күткен Олимпиада ойындары өтеді және де оған Қазақстан мақтанышпен өзінің ең үздік спортшыларын аттандырады. Ең лайықтылары іріктелді. Мен Ольга Рыпакованың Олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстан Туын алып шығатынына қуаныштымын. Себебі, Ольганың арқасында көк байрағымыз Олимпиада көгінде бір емес, бірнеше рет желбіреді. Қамшыбек Қоңқабаев – қазақстандық спорттың күші мен шеберлігінің үлгісі, Олимпиада шаршы алаңында зор жауапкершілікке ие болған бокс құрамасының капитаны. Екі спортшы да қатарластарының алды, құраманың көшбасшылары және жас буынға үлгі. Қос атлетке және барлық олимпиадалық құрамға сәттілік тілеймін», - деді Қазақстан ҰОК басшысы Тимур Құлыбаев.

Ольга Рыпакова үшін Токиодағы жарыс оның спорт мансабындағы төртінші Олимпиада болмақ. Ол үш қарғып секіру бойынша 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында күміс, 2012 жылы Лондонда алтын және 2016 жылы Риода қола медаль жеңіп алды.

Бұдан бөлек, Ольганың еншісінде Универсиада «алтыны» және Азия ойындарының 6 алтын медалі бар. Сондай-ақ, ол әлем чемпионы және 2010 жылғы құрлықтық кубогтің иегері.

«Олимпиада ойындарындағы Қазақстанға тиесілі 16 «алтынының» үшеуін әйелдер жеңіп алды. Жылдан-жылға спорттағы әйелдер саны артып, олар жаңа рекордтар орнатады деп сенемін. Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында еліміздің туы сеніп тапсырылғаны керемет әсер, сезімге бөлейді. Дәл осы миссияның маған ұсынылғанына және сеніп тапсырылғанына қуаныштымын», - дейді Ольга Рыпакова. 

Қамшыбек Қоңқабаев - бокстан Қазақстан ерлер ұлттық құрамасының капитаны. Ол 2014 жылы әскерилер арасында өткен әлем чемпионатының жеңімпазы. Азия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы және 2017 мен 2019 жылғы әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері. Токио Олимпиадасы 29 жастағы қызылордалық спортшы үшін алғашқы Олимпиада ойындары болмақ.

«Токиодағы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында туды ұстап шығуды маған сеніп тапсырғаны үшін Қазақстан мен еліміздің спорт қоғамына алғыс білдіргім келеді. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік және үлкен мәртебе», - деді Қамшыбек Қоңқабаев.

Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 23 маусымда Токио Олимпиада стадионында өтеді. Олимпиадалық команда Токиоға жіберілгенге дейін жаттығу базаларында кем дегенде екі апта карантинде болады. Команда Жапонияға 16 шілдеде аттанады. Қауіпсіздік пен денсаулықты қорғауды қамтамасыз ету үшін делегацияның рейстері «Air Astana» әуекомпаниясының чартерлік рейстерімен жүзеге асырылады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, қазір Олимпиадаға Қазақстаннан 95 спортшы баратыны белгілі. Дегенмен, спортшылардың соңғы әрі нақты тізімі 5 шілдеден кейін анық болады. Себебі ҰОК кейбір спорт түрлерінен халықаралық федерациялардың лицензияларды қайта бөлу, үлестіру нәтижелерін күтуде.