2020 жылы Токио Олимпиадасында Қазақстан спортшылары кемі 10 медаль жеңіп алуы мүмкін. Бұл туралы спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев айтты.
«Олимпиадаға дайындық жүйелі түрде жүріп жатыр. Оқу-жаттығу жиындары қайда өтетіні толық анықталды. Олимпиада ойындары 2020 жылдың 24 шілдесі мен 9 тамызы аралығында өтеді. Қазір алты спорт түрінен 10 лицензия бар. Құрама командаларды дайындауға ұлттық Олимпиада комитеті жауапты. Жоспарланған лицензиялық жарыстар бар. Ендігіде көп жолдама алуға тырысамыз», – дейді спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев.
Осы уақытқа дейін Қазақстан Олимпиада ойындарына 10 жолдама жеңіп алған болатын. Олардың арасында жеңіл атлеттер – Георгий Шейко, Ольга Рыпакова, велошоссе – Евгений Гидич, жүзуден – Дмитрий Баландин, Виталий Худяков, садақ атудан – Санжар Мұсаев, Денис Ганкин және Ильфат Абдуллин.
Брифингте тілшілер Олимпиада чемпионы әрі комитет төрағасынан алдағы Токио Олимпиадасынан қанша жүлде күтетінін сұрады.
«Осыдан 3 жыл бұрынғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасынан кем түспеуді көздейміз. Сол көрсеткіштен төмен түспей, шама келсе асып түсу керек. Меніңше, Токио Олимпиадасында 10 медальдан көп аламыз деп ойлаймын. Оның ішінде кемі үшеуі алтын болуы тиіс. Әсіресе, құрама көшбасшылары Дмитрий Баландин, Елдос Сметов, Ольга Рыпакова секілді ресми жарыстарда жүлде салып жүрген спортшыларға аса қатты сенім артамыз», - дейді Сәпиев.
Еске салар болсақ, Қазақстан құрамасы Рио-де-Жанейрода өткен XXХI Олимпиада ойындарында 3 алтын, 5 күміс және 9 қола медаль иеленген болатын. Қазіргі уақытта жеңіл атлетикадан Георгий Шейко мен Ольга Рыпаковада, велошосседен Евгений Гидичте, жүзуден Дмитрий Баландинде (екеу), ашық суда жүзуден Виталий Худяковта, садақпен атудан Санжар Мұсаевта, Денис Ганкин мен Рифат Абдуллинде Олимпиада ойындарының лицензиясы бар.