Әрбір отандық өнімді сынап, тырнақ астынан кір іздей берсек ол қалай дамиды деуіміз мүмкін. Тіпті қолдау көрсетіп, сүрінген жері болса сүйеу болайық деуіміз де ғажап емес. Бірақ жаппай халықтың алдына сенің салтыңа тіпті ұлттық геніңе жат сюжеттерді тізбектеп беріп жатса, сен түгілі көзің шыдамайды. Әңгіменің ашығы, сөз - «Токал» фильмі жайында.
Ең ақыры, фильм бастала салған кездегі эротикаға жақын «когда ты голая» эпизодын сырып тастайық. Ол ендігі режиссердің әлемдік сахнадағы кинодан жиған тәржірибесі деп түйдік. Әйтпесе, оның өзі бір төбе сын. Фильмнің «Тоқал» емес тіпті «Токал» деп те аталуына себеп жоқ. Дәстүрге сай ешқандай тоқал көрген жоқпыз. Жай ғана «көңілдес». Ақыры любовницаның образын көрсеткісі келген екен, оны «тоқал» сөзімен байланыстыру қисынсыз. Тегінде қазақ тоқалды ойнас қуып жүріп таппаған. Оның өзінде кедей – кепшік үшін тоқал ай мен жұлдыз. Бектер мен байлар үшін болмаса, тоқалдың да дәрежесі - биікте. Мұрагері болар, байлығын сақтап қалар артында еркек кіндік ұлы болмаған соң, бәйбішесі жылқының жалын тартар ұл туа алмаған соң, ерге тоқал алуға рұқсат берілген һәм тоқалдың бәйбішеден кейінгі мәртебесі де жоқ емес.
...Қайрат дейтін сұңғыла жігіт емес, екі бірдей қызы бар, әп – әдемі әйелі бар, жағдайы бар ғана емес, аста – төк өмір сүріп жатқан егде тарта бастаған еркек. Режиссер жоғарыда біз айтып өткен дәстүрге сай, ақыры әйелі ұл туып бере алмай жүрген соң «тоқал» тауыпты – мыс. Анығында тоқал емес, ғашығы, көңілдесі. Тіпті нақ сүйері осы – ау...
Мына эпизодтардың көздегені не?
Қай атаңыздан көрдіңіз, біреудің мәпелеп отырған қызымен он сегіз жыл отасып, екі бірдей қыздың әкесі бола тұра қайын атаңызға барып, «менің ұлым болады, бірақ сіздің қызыңыздан» емес деп айтатын күйеу баланы. Дәл осы тұста тым асыра сілтеу бар. Еуропацентризмды сіңдіріп жатқан өзіміз ғой. Ешкім жемеймін дейтін тамағыңды ауызыңа тықпайды, құлқың бұзылып тұрса, айып сенде. Ол ғана емес, қайын атасына қызын сүймейтінін ескертуді қойып, «сізден ақыл сұрай келдім» деу - жүректік емес, тәрибе мен сыйластықтың өліп қалғандығы. Міне, фильм бізді неге тәрбиелеп отыр, қайда апарып адастырғысы келіп отыр. Өкініштісі, қайын атаның рөліндегі Тұңғышбайдан да бір ерлік көре алмадық. Өткен күннен қалған күнәсі үшін дыбыссыз, жұдырықсыз қалды. Әйтпесе, тартып келіп жіберер ме еді... Әй, қайдам! Ол да болмайды – ау...
Ақыры Қайратпен заңды некеден бас тартып, ажырасып кетпесе де, екі жаққа кеткен екі тағдырдың жолы екі түрлі салынды. Қайрат екі қызын тастап ғашығы мен ұлына кетті, жесір болып қалған әйелі сол өзгермейтін байлықтың үстінде қалды.
Үшеудің диалогы.
Жалпы әйел затының басы қосылса айтылатын дүние - өсек–аяң мен сыр шертісу. Бірақ бұл үш әйелдің айтпағы не, немесе олардың ауызына сценарий бойынша сөз салып беріп отырған режиссердің ойында не бар?
- Сен енді бостандыққа шықтың!
- Қалай?
- Отасқаның 18 жыл, сені сүймеді. Енді сенің өз өмірің бар.
- (күлді)
- Сен өзің айтып жүре едің ғой, демалғым келеді деп...
- Ау...
«Ау» деп аңырап отырған жесір мен күйеулері бар әлде жоқ ХХІ ғасырға тән үш қазақ әйелінің көздегені демалу екен. Қоңырау үзіліп есіктен жартылай жалаңаш қазақ – орысы аралас, денелерін шынықтырған жігіттер кірді. Кіре сала аймаласа кетті. Еріндер түйісіп, алақандар қабысып кетті. Жиіркенішке толы дәл осы эпизодты көрсетудің мүлде қажеті жоқ. Жақсы, білдік. Қоғамда осындай бар, біліңдер дегісі келгенін де айқындадық. Бірақ кейде шындықты білмеген де абзал. Оның ашып көрсетпеген де дұрыс. Қазақ тәрбиесіндегі «ауыздан түскен» дейтін ұғыммен бала есейіп, үйленгенше сол дүниеге сеніп келді ғой. Сеніп келгенінің арқасында ешбір арды таптаған жоқ. Ақ некелі жарының ақ ханзадасы болып қана қала берді. Бұл тәрбиелерді қазіргі қоғамның дамуына қарсы салсаң, сен жабайсың. Ал жабайылық деген интеллектуалды милар қалыптасып жатқан уақытта малдан да төмен ұғым.
Фильм мүлде жүйесіз түсірілген. Айтқысы келген ойы басқа бағытқа бұрылып кеткен. Ең бастысы эротика мен шиеленіскен тағдырлар арпалысы бар деген түсінік болмаса, анау айтқандай бір керемет дүние жоқ. Бұл фильм ендігі халықаралық сыйлықты алар болса, әлеуметтік проблеманы бұлай көрсеткені үшін емес, фильм басындағы қазақ қызының анарындағы «түймешегін» көрсеткені үшін алуы мүмкін.
Мән – мағынасы жоқ дүниемен алданып жүріп, ақыры мүйізсіз қалған ешкінің тоқалы да, бәйбішесі де жоқ. Екеуін де тастап далаға кетті. Екі жесірдің қолында бір әкенің үш ұрпағы қалды. Қателік...!
ХХІ ғасырдың тоқалын «токал» деп көңілдеспен шатыстырып жүрміз дейтін идеяны негіз етіп көрсеткісі келген күннің өзінде, фильм тек беделді актер мен актрисаларға, материалдық құндылықтар мен қымбат көліктерге, қымбат үйлермен бағы сол детальдарға жұмыс істеген. Мораль жоқ!
Сапаров болмағанда Қайратты жек көріп кетер ме едік... Ақтап алудың жолын екінші параллель образ арқылы қарама–қарсы қойып, ұтымды және тыныш образды сомдап кеткен Сапаров қана болар. Оның да басынан осы жағдай өтіп жатты. Бірақ бас кейіпкер Қайрат болғаннан кейін Сапаровтың санасыздығы ғана әсер ете алды.
Фильм проблеманы көтеріп халыққа көрсетуді ғана емес одан қалай шығу жолын табуды, ұлттық тәрбиені, баланың көзқарасын, жастардың санасын сәулелендіретін бағытқа бет алу керек. Өйткені дәл қазір қазақ қоғамына шашырап кеткен жанрлар тоғысындағы емес, тоғысқан тағдырлар мен тәрбиесі бар тәлімі мол отандық өнімдер керек.
Марғұлан АҚАН
Ұлт порталы