28 сәу, 2023 сағат 15:22

Тоқаевтың мамыр айының бірінші аптасындағы жоспары белгілі болды

Фото: Akorda.kz

Ақорданың баспасөз қызметі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мамырдың бірінші аптасына арналған жоспарын жариялады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

2 мамырда Мемлекет басшысы Францияда Сыртқы сауда, экономикалық тартымдылық және шетелдегі француз азаматтарының істері жөніндегі министрдің делегаты, Қазақстан-Франция үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Оливье Бештті қабылдайды.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың қарашасында Францияға ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру барысы талқыланады деп жоспарланып отыр.

3 мамырда Мемлекет басшысы ФИФА президенті Джанни Инфантиноны қабылдайды.

3-4 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Астанаға мемлекеттік сапармен келеді.

Мемлекет басшылары шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер аясында Қазақстан-Тәжікстан стратегиялық әріптестігін одан әрі нығайту перспективаларын қарастырады.

5 мамырда Мемлекет басшысы - Жоғарғы Бас Қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Бүкілармиялық конференция өтеді, оның барысында әскери даму мен әскери дайындық, сондай-ақ Қазақстан армиясын технологиялық жаңғырту мәселелері талқыланады.