Солдан оңға қарай министрлер Қарабаев, Қуантыров, Сәтқалиев. Фото: gov.kz
Үкімет кулуарында журналистер министрлерге демалысқа шығу жоспары туралы сұрақ қойды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.
Атап айтқанда, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев жоспар бойынша демалысқа шықпақ.
"Демалысқа жалпы жоспар бойынша барамын, Премьер-министрмен келісілген. Жылыту маусымы бойынша орталық мемлекеттік орган, атап айтқанда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі дайындық үшін барлық қажетті жұмыстарды жасады", - деп жауап берді Қарабаев.
Ал Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қызметіне кіріскелі, яғни 2022 жылдың қаңтарынан бері еңбек демалысына шықпаған. Оның айтуынша, бұл жолы да шықпайды.
"Әзірге биыл демалысқа шығу ойым жоқ. Былтыр да барған жоқпын", - деді министр.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев та жақын арада еңбек демалысына шықпайды. Бұл түсінікті: ол бұрын өзі айтқандай, Қазақстан қалаларындағы жылумен қамту нысандарын аралайды.
"Мен де әлі демалысқа шықпаймын. Қандай да бір кестені Үкімет бекітеді", - деп жауап берді шенеунік.
Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте жылыту маусымына дайындықты қысқа дейін аяқтауды тапсырған еді.
«Әкімдік қызметкерлері, әсіресе басшылық осы жазда демалысқа шықпауы керек. Қазір 2-3 апта демалысқа кетсеңіздер, мұны диверсия деп есептеңіздер. Жұмыс көп. Күні-түні жұмыс істеу керек», - деді Президент.
475 рет оқылды