Коллаж: ulysmedia.kz.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин «президент болатын адам өзін балабақшадан бастап дайындау керектігін» айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Қазірге дейін президенттікке үміткер ретінде тіркелген адамдардың жанында Қасым-Жомарт Тоқаев шаппай бәйге алатын жағдайда ғой. Шыны керек, шынайы бәсекелес бола алатын адамдарды президенттікке үміткер ретінде тіркеу керек деп ойламайсыз ба?» - деп сұрады тілші депутаттан.
Бұл сұраққа жауап берген Жаңбыршин бір мысал келтірді.
«Кеше «Ұлы дала жорығына» 20-ға тарта ат қатысты. Ол жерге мықты-мықты аттар келді. Солар алады деп ойлады. Айналып келгенде қуаңшылықтан өтіп келген, Маңғыстаудан әкелінген, арып-ашып келген аттар жеңіп шықты. Сайлау деген сондай. Әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың қасындағы кандидаттар әлсіз, оларға шаппай бәйге беру керек дегенмен мен келіспеймін», - деді депутат.
Ол «бұрын түспеген жаңа адамдар сайлауға түсіп жатқанын» айтып өтті. Журналистің «сіз, Жигули мырза, президент болып кетуі мүмкін деп ойлайсыз ба?» деген сұрағына Жаңбыршин «бәрі мүмкін» деп жауап берді.
«Бірақ енді ықтималдық деген бар. Ықтималдық өте төмен болып тұр дегенмен келісем. Қанша дегенмен, қазіргі президенттің беделі де, тәжірибесі де мол. Бәрін сайлаушылар шешеді. Президент болатын адам өзін кішкентай кезінен дайындау керек», - деді халық қалаулысы.
Жаңбыршин Олимпиада чемпионы болуы үшін спортшы оның алдында ғана күреспейтінін мысалға келтірді. Сол себепті оның пайымдауынша, президент болатын адамның тәжірибесі, білім-білігі болуы керек.
Айта кетсек, «Amanat» партиясының кезектен тыс ХХІV съезінде алдағы кезектен тыс президент сайлауына партия атынан кандидат ұсыну мәселесі қаралды. Съезде «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов президенттікке үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынатынын мәлім етті.