13 қаз, 2020 сағат 18:50

Тоқаев: Жээнбеков - Қырғызстанның легитимді Президенті

Бауырлас Қырғыз еліндегі жағдайдың біртіндеп конституциялық жолға қайтқаны қуантады. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Президент С.Жээнбеков – мемлекеттің легитимді басшысы. Сондықтан оның қақтығыстарды тоқтатып, елдегі ахуалды қалыпқа келтіруге бағытталған әрекеттерін қолдаймын. Қазақстан үшін Қырғызстандағы тұрақтылық стратегиялық серіктес әрі одақтас ретінде маңызды. 

Бауырлас Қырғыз еліндегі жағдайдың біртіндеп конституциялық жолға қайтқаны қуантады. Біз барлық саяси күштерді қақтығыстардың алғашқы сәтінен ақ сабырға шақырдық», - деді Мемлекет басшысы.

Қырғызстанда 4 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін саяси күштер Бішкектегі "Ала-Тоо" алаңында наразылық акциясын бастаған. Наразылар парламент сайлауының нәтижесін жоюды талап еткен. Парламентке өтпей қалған оппозиция жеңіске жеткен партияларды "әкімшілік ресурстарды пайдаланды, жұртқа ақша беріп дауысты сатып алды" деп айыптаған. 

6 қазанға қараған түні демонстранттар парламент пен президент аппараты орналасқан "Ақ үйді" басып алды.

Сол күні наразылар түрмеде отырған бірнеше саясаткерді қамаудан шығарып алды. Олардың арасында бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев, экс-депутат Садыр Жапаров та болды.

10 қазанда Жапаров премьер-министр қызметіне бекітілген. Кейбір депутаттар оның қызметке тағайындалуының легитимдігіне күмән келтіреді.

Қырғызстанда саяси күштер дағдарыстан шығу жолдарын әлі талқылап жатыр. 9 қазанға қараған түні Сооронбай Жээнбеков "мемлекет құқықтық аяға оралған соң президент қызметінен кетуге даярмын" деп мәлімдеген.

Бұған дейін Қырғызстан сыртқы істер министрлігі "БҰҰ Жээнбековті Қырғызстанның легитимді президенті санайды" деп мәлімдеген.