07 ақп, 2019 сағат 14:25

Тоқаев жастардың бастамаларын қолдау қажеттігіне сенаторлардың назарын аударды

Қасым-Жомарт Токаевтың төрағалық етуімен Сенат Бюросының отырысы болды. Депутаттар Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Жастар жылының ашылуында айтқан бастамаларын талқылады.

«Мемлекет басшысы жастарды мұқият тыңдап, олардың ұсыныстарына қолдау көрсетіп, жігеріне демеу берді. Президент өз сөзінде жастарға қатысты мәселелерді жан-жақты талдап, шешу жолдарын көрсете отырып, нақты кеңестерін айтты. Сонымен бірге, жастарға сапалы білім беру; жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету және отбасын құруға қажетті маңызды шараларды жүзеге асыру мәселелері бойынша Үкімет пен әкімдерге арнайы жол картасын әзірлеу тапсырылды», - деді Қ.Тоқаев.

Жоғарғы Палата басшысы жастардың білімі мен талабы, күш-қайраты мен отаншылдығы еліміздің дамуына әрқашан тың серпінмен әсер ететінін айта келіп, жастардың бұл игі бастамаларына әрдайым қолдау көрсетуге Сенат депутаттарының назарын аударды. Осыған байланысты Қ.Тоқаев 7 ақпанда Сенатта жастар саясатына арналған дөңгелек үстел өтетінін, онда жастарды толғандырып жүрген өзекті мәселелер талқыланатынын атап өтті.

Палатаның 31 қаңтарда болатын кезекті отырысының күн тәртібі келісілді.

Сенаторлар Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы; 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгеріс енгізу туралы хаттаманы; Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен немесе халықаралық интеграциялық бірлестіктермен халықаралық шарттары туралы келісімді; ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы күресті жүзеге асыратын құзыретті органдарды материалдық-техникалық қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобаларын қарайтын болды.

Бюро отырысында Мәжілістен түскен заң жобалары Палата комитеттеріне бөлініп берілді.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» конституциялық заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді.

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті «2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын одан әрі пысықтаумен айналысатын болды.

Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметі туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді.