27 мам, 2020 сағат 14:30

Тоқаев: Жаңа ахуал білім және ғылым жүйесін түбегейлі реформалауды талап етіп отыр

Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысына қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бүгінгі отырысына дейін атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесі бар екенін, «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа Заңға қол қойғанын атап өтті. Аталған Заң бойынша жиын өткізудің алдын ала ескерту қағидаты енгізілді. 

– Жаңа заң азаматтардың бейбіт жиындар өткізуге конституциялық құқығын толық қамтамасыз етеді. Саяси реформалардың бірінші топтамасына кіретін басқа да заң жобалары әзірленуде. Сондай-ақ сайлау туралы және саяси партиялар туралы заңдарға өзгерістер енгізетін құжаттарға қол қойдым. Біз парламенттік оппозиция институтын енгіздік. Саяси партияларды тіркеуге қатысты талап жеңілдетілді. Сайлауға түсетін саяси партиялар әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота бөлетін болады. Жала жабуды қылмыс санатынан алып тастау және Қылмыстық кодекстің 174-бабын ізгілендіру жөніндегі нормаларға азаматтар барынша қолдау білдірді, – деді Президент.  

Қасым-Жомарт Тоқаев отырыстың күн тәртібі туралы айта келіп, кез-келген мемлекет үшін адами капитал басты өлшемге айналғанын атап өтті.

– Жаңа ахуал білім және ғылым жүйесін түбегейлі реформалауды талап етіп отыр. Енді бұл саланың маңызы арта түсетіні анық. Тіпті экономиканың өзі соған тәуелді болмақ. Біз білім мен ғылым саласының болашақтағы рөлін айқын түсінуіміз керек. Бүкіл мемлекеттік саясатты соған сәйкес жүзеге асырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның білім саласына бөлетін қаржысы жеткіліксіз екенін, соның салдарынан білім беру сапасы мен мектеп инфрақұрылымы дамыған елдермен салыстырғанда әлдеқайда кенжелеп қалғанын жеткізді.

– Қазақстанның мектептері жақсы жабдықталып, сыныптағы оқушылар санының көп болмағаны қажет. Мемлекеттік білім беру бағдарламасы бойынша 2025 жылға қарай 650 орындық және одан да көп оқушыға арналған 800 жаңа мектеп, ауылдардағы тірек мектептер үшін 114 интернат, 700-ден астам спорт залдарын салу жоспарланып отыр, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңес мүшелерінің назарын қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты қысқарту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оқушылар арасындағы зорлық-зомбылық пен өз-өзіне қол жұмсау проблемасын шешу жөніндегі міндеттерге аударды. Сонымен қатар білім беру саласындағы басқару және қаржыландыру жүйесін жетілдіру керек екенін айтты.

– Менің шешімім бойынша 2021 жылдан бастап аудандық білім бөлімдерін басқару және оларды қаржыландыру облыстық деңгейге өтеді. Бұдан бөлек соңғы уақытта оқу орындарының басшыларын тағайындау тәртібі туралы мәселе жиі қозғалуда. Үкімет балабақша меңгерушілерін, мектептер мен колледждердің директорларын тағайындаудың түсінікті әрі ашық жаңа жүйесін әзірлеуі керек. Директорларды алмастыру және аттестациялау институтын енгізу ісі де басқарудың тиімділігін арттыруға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мемлекеттік тілді оқытудың тиімділігін барынша арттыруға шақырып, бұл мәселеде Еуропа елдерінің тәжірибесіне назар аудару қажеттігін айтты.

– Олар тіл үйрету барысында, негізінен, оқу орындарындағы жастарға көбірек мән береді. Сондықтан Тіл комитетін екі мың жиырма бірінші жылдан бастап  Білім және ғылым министрлігінің қарамағына өткізген жөн. Бұл қазақ тілін оқыту әдістемесін әзірлеу және оны үйрету ісіне қатысты әлеуетімізді бір орталыққа шоғырландыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұндай қадам қолданысқа енгізілетін оқу бағдарламаларының тиімділігін талдау және мониторинг жүргізу жүйесін жасауға септігін тигізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ғылымды дамытуға баса мән берді.

– Жалпы ғылымға бөлінетін қаржыны жоспарлы түрде көбейтеміз. 2025 жылға қарай оны жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына дейін жеткіземіз. Осы ретте біз ешкім оқымайтын, қажетсіз жұмыстар мен зерттеулерді қаржыландыруға жол бермейміз. Әрбір ғылыми жұмысқа қатаң талап қойылуға тиіс. Сондай-ақ оның нақты әлеуметтік-экономикалық, өндірістік және техникалық қайтарымы болуы қажет. Бағдарламалық-нысаналы  қаржыландыру тек ұлттық ғылыми-техникалық міндет тұрғысынан бөлінуге тиіс. Медико-биологиялық зерттеулер, агроөндірістік ғылым, «жасыл» технология, жасанды интеллект, энерготиімділік сияқты салаларға ерекше мән беріп, қаржы бөлу керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы коронавирус пандемиясының бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау жүйесі үшін, шын мәнінде, ауыр сынақ болғанын атап өтіп, бұл ахуалдың Қазақстанда кәсіби дәрігерлердің тапшы екенін анық аңғартқанын жеткізді. Сондай-ақ бұған еңбекақының аздығы, мамандықтың беделді болмауы, дәрігерлер құқының қорғалмауы себеп болып отырғанын айтты.   

– Түрлі сала мамандары ішінде ең төмен жалақыны дәрігерлер алады. Үкіметке биылдан бастап дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңмен арттыруды тапсырамын. Олардың айлығы экономикадағы орташа жалақыдан екі жарым есе артық болуы керек. Бұл көрсеткішке 2023 жылға қарай қол жеткізу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент медицина инфрақұрылымын дамытуға байланысты бірқатар мәселені шешуді тапсырды.

– 2010 жылдан бері денсаулық сақтау саласы мен экстенсивті тиімділіктің кейбір бағыттарын оңтайландыруға баса мән бердік. Нәтижесінде 1000-ға жуық жұқпалы ауруларға арналған орын қысқарды. Биологиялық қауіп-қатерлерді ескере отырып, Үкімет белгілі бір бағыттар бойынша денсаулық сақтау жүйесіндегі рұқсат етілген артықшылық мәселесін қарастырып, оның қиын-қыстау жағдайларға дайын болуына қолдау көрсетуі қажет, – деді Мемлекет басшысы.  

Отырыс барысында Президент Үкіметке ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау ісінің тиімді үлгісін жасау шараларының орындалуын, санитарлық-эпидемиологиялық қызметті күшейтуді және институционалдандыруды қатаң бақылауға алуды, сондай-ақ, елімізді дәрі-дәрмектермен және медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырды.

– Бүгін мен негізгі әлеуметтік салаларды реформалауға арналған бастамалар жөнінде айттым. Бұл бастамалардың басым бөлігі Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстары негізінде жасалды. Осы шараларды тиімді жүзеге асырсақ, адами капиталдың сапасын айтарлықтай арттырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінің толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады