19 шіл, 2021 сағат 16:17

Тоқаев вакцина салдыруға мәжбүрлеу жайлы: біз бұған бармаймыз



Вакцина салдырудан бас тартатын қазақстандықтарды ешкім мәжбүрлемейді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Президент вакцина салдырғысы келмейтін адамдармен жұмыс істеуде сараланған әдісті қолдану қажет екенін айтты.

"Вакцина алғысы келмейтін адамдармен жұмыс істеуде әртүрлі тәсілді қолдану қажет. Бұл топ біркелкі емес. Вакцинадан бас тартудың себептері де әртүрлі. Мұндай адамдар арасында шешім қабылдай алмай жүргендер көп", - деді Тоқаев коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңесте.

Мемлекет басшысы барлық құралдармен, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы оларды сендіруді, көзін жеткізуді тапсырды.

«Батыстың кейбір дамыған елдері сендіру әдістерінен мәжбүрлеу шараларына ауысуда. Ірі еңбек ұжымдарының қызметімен байланысты ерекше жағдайларды қоспағанда, біз мұндай қадамға бармаймыз. Өйткені «қыңыр» антиваксерлердің шағын тобы кесірінен өз еңбегімен отбасыларының әл-ауқатын қамтамасыз етіп жүрген азаматтарымыздың денсаулығына қауіп төндіре алмаймыз», - деді Президент.